«Барыс» елордада «Автомобилист» командасына есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, 7 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді.

«Барыс» елордада «Автомобилист»
Фото: hcbarys.kz

Соңғы ойындарда елордалық клуб жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Бес кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Дегенмен әзірге турнир кестесінде төменгі орынның бірін місе тұтып тұрған жайы бар. 

Ал «Автомобилист» қарсыластарына оңайлықпен есе жібере қоймайды. Нәтижесінде алғашқы жетілікте келеді. 

Бүгінгі ойын барысында елордалық клуб алғашқы болып есеп ашты. Оны 18-минутта Никита Сетдиков өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде командалар гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. 

Үшінші кезеңде «Автомобилист» сапынан Никита Трямкин 46, Брендан Лайпсик 53, Стефан Да Коста 59-минутта мергендік танытты.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.

Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі төрт ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 11 және 13 қараша күндері Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) клубымен кездессе, одан кейін 15 қарашада «Салават Юлаев» (Уфа), 17 қарашада «Сочи» командаларымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар