«Барыс» елордада «Автомобилист» командасынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді.
Кездесуді елордалық команда сәтті бастаған еді. Ойынның 1-минутында Аркадий Шестаков «Барысты» алға шығарды.
Одан кейін өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Алдымен «Автомобилист» хоккейшісі Алексей Макеев 2-минутта таразы басын теңестірсе, 8-минутта Максим Осипов басымдықты арттырды.
Ал 36-минутта ресейлік хоккейші Артём Каштанов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ойынның 55-минутында ресейлік Александр Севостьянов қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді.
Екі команда бұған дейін 60 мәрте кездескен. Оның 27-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойындарда ресейлік команда жеңіске жеткен.
Айта кетсек, биылғы екі команда арасындағы төрт кездесудің үшеуінде «Автомобилист» жеңіске жетті.
Енді «Барыс» алдағы екі ойынын елордада өткізіп, 24 ақпанда Ресейдің «Лада» (Тольятти), 26 ақпанда «Сибирь» (Новосібір) командасын қабылдайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысына шыққан барлық команда анықталды.