«Барыс» елордада «Лада» командасына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында ресейлік клуб қатарынан екі шайба соғып кетті.
Ойынның 21-минутында Артём Бородкин есеп ашса, Карим Вафин 23-минутта мергендік танытты. Ал, «Барыс» хоккейшісі Понтус Оберг 26-минутта есеп айырмасын қысқартты. Одан кейін қайтадан ресейлік Сергей Шумаков 54, Алексей Волгин 56-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:4 есебімен жол берді.
Биыл елордалық клуб аталған қарсыласымен өткен төрт кездесуде жеңілістің ащы дәмін татты.
Айта кетейік, астаналық клуб соңғы 10 ойынның тоғызында қарсыластарына есе жіберді.
Енді елордалық клуб алдағы ойынын 26 ақпанда Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» «Автомобилист» командасына есе жіберді.