«Барыс» елордада ЦСКА командасына есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында ресейлік команда белсенді қимыл көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан 3-минутта Виталий Абрамов мергендік танытты.
Ойынның 23-минутында елордалық клубтан Аркадий Шестаков таразы басын теңестірді.

Ал 26-минутта Максим Мамин қайтадан ЦСКА командасын алға шығарса, «Барыс» сапынан Даниил Апальков 39-минутта соққан голынан кейін қайтадан таразы басы теңесті.
Одан кейін ресейлік клубтан Константин Окулов 42, 52, Андрей Светлаков 44-минутта басымдықты арттыра түсті.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді.

Енді «Барыс» алдағы ойынында елордада 22 қаңтарда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, «Сибирь» командасына Құрлықты хоккей лигасының легионерлерге қатысты тәртібін бұзғаны үшін қаржылық айыппұл және төрт ойын техникалық жеңіліс берілген еді.

«Барыс» «Сибирьге» ойын соңындағы буллиттер сериясында есе жіберіп, бір ұпайға ие болған.
Сондықтан елордалық команда еншісіне қосымша екі ұпай жазылды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» буллитте «Салават Юлаевты» жеңіп кеткен еді.
