«Барыс» хоккейшілері бүгін Беларусьтің «Динамо» командасымен кездеседі

Барыс
Фото: "Барыс" ХК баспасөз қызметі

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Кездесу бүгін, 2 қазанда 22:10-дe басталады.

Екі команда бұған дейін 29 мәрте кездесті. Оның 15-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетті.

Турнир кестесінде «Барыс» 12 ойыннан кейін 10 ұпаймен 20-орында тұрса, «Динамо» 11 ойыннан кейін 10 ұпаймен 19-орынға орналасты.

Айта кетейік, елордалық клуб биылғы маусымды сәтсіз өткізіп келеді. Соңғы он ойынның небәрі үшеуінде жеңіске жетті.

«Барыс» бұдан кейін екі кездесуін сыртта өткізеді. Алдымен Ресейде 4 қазанда ЦСКА (Мәскеу) командасымен кездессе, 6 қазанда «Витязь» (Подольск) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды.

Елордалық клубтың бас бапкері Андрей Скабелка алдағы үш ойынға қатысатын хоккейшілер тізімін жариялады.

Қақпашылар: Никита Бояркин, Даниил Кудимов, Андрей Шутов.

Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Тамирлан Гайтамиров, Самат Данияр, Нельсон Ножье, Кирилл Никитин, Эмиль Нұрғалиев, Кирилл Полохов, Давид Скленичка, Егор Шалапов.

Шабуылшылар: Әлихан Әсетов, Райли Барбер, Александр Борисевич, Дінмұхамед Қайыржан, Джозеф ЛаБейт, Всеволод Логвин, Батырлан Мұратов, Максим Мусоров, Әлихан Өмірбеков, Понтус Оберг, Михаил Рахманов, Кирилл Савицкий, Рудольф Червени, Аңсар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков.

Соңғы жаңалықтар