«Барыс» хоккейшілері бүгін Ресейдің «Тракторымен» кездеседі

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Тракторына» (Челябі) қарсы өткізеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

барыс астана
Фото: pixabay.com

Кездесу бүгін, 9 қазан күні, сағат 19:30-да басталады.

Екі команда бұған дейін 52 мәрте кездесті. Оның 29-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетті.

Турнир кестесінде «Барыс» 15 ойыннан кейін 11 ұпаймен 21-орында тұр, ал «Трактор» 16 ойыннан кейін 18 ұпаймен 10-орынға орналасты.

Айта кетейік, астаналық клуб биылғы маусымды сәтсіз өткізіп келеді. Соңғы 10 ойынның небәрі үшеуінде жеңіске жетті.

«Барыс» бұдан кейін тағы 3 кездесуін өз алаңында өткізеді. Алдымен, 11 қазанда Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) командасымен кездессе, одан кейін 13 қазанда «Локомотив» (Ярославль), 15 қазанда «Металлург» (Магнитогорск) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада Ресейдің «Витязінен» (Подольск) жеңіліп қалған еді.

Андрей Скабелка «Барыс» командасының бас бапкері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз. Оның орнына қазақстандық маман Ғалым Мәмбетәлиев бас бапкердің міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Жаңадан жасақталған бапкерлік құрамға Константин Пушкарёв, Александр Высоцкий, Ерлан Сағымбаев, Александр Березенский енді.