«Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңіліп қалды
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер бірден шабуылға көшті. Нәтижесінде бірінші кезеңнің өзінде олар елордалық командаға екі шайба соғып кетті. Оны Евгений Митякин 1, Александр Дергачёв 11-минутта өзінің еншісіне жазды.
Екінші кезеңде командалар тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Нәтижесінде 26-минутта елордалық командадан Данил Апальков есеп айырмасын қысқартты.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері белсенді бастады. Дегенмен қарсылас команда қақпасынан саңылау таба алмай жатты. Есесіне 49-минутта Кирилл Ураков «Нефтехимикті» жеңіске жақындата түсті.
Ал 59-минутта елордалық клубтан Энтони Камара қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» аталған қарсыласынан 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Салдарынан олар қатарынан төртінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 23 желтоқсанда елордада Ресейдің «Сочи» командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Ресейде «Салават Юлаевтан» жеңілді.