«Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Хоккей
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қазақстандық команда ескі жылдағы соңғы ойынында жинақы қимыл көрсете алды. Нәтижесінде бірінші кезеңде қарсылас команда қақпасына жауапсыз үш шайба соғып үлгерді.

Алдымен 8-минутта Аркадий Шестаков мергендік танытса, 9-минутта Давид Скленичка көзге түсті. 16-минутта Рудольф Червены басымдықты арттырып, есепті үстемеледі. 

Кездесудің 23-минутында Энтони Камара елордалық команданың бұл ойындағы төртінші голын өз атына жазды. 

Үшінші кезеңде де командалар бір-бірінің қақпасының маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде ресейлік хоккейші Никита Сошников 48-минутта есеп айырмасын қысқартса, қазақстандық Аркадий Шестаков «Барыс» командасының бесінші шайбасын салып, ойынның нүктесін қойды.  Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 2024 жылдың 3 қаңтарында Ресейде «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді. 

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» хоккейшілері қатарынан екінші мәрте жеңіске жеткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар