«Барыс» клубы құрамынан бірқатар шетелдік ойыншылар кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық «Барыс» клубы құрамынан бірқатар шетелдік ойыншылар кетті. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі ресми түрде мәлім етті.

Барыс ХК
Фото: hcbarys.kz

«Барыс» сапынан қорғаушы Натан Больё мен Уилл Бутчер, шабуылшы Майкл Маклауд қош айтысты. Үш хоккейші де команда құрамын жаз мезгілінде толықтырған еді. 

Құрлықтық хоккей лигасында Натан Больё 8 ойында бір нәтижелі паспен көзге түссе, Уилл Бутчердің 15 ойында 3 нәтижелі пасы тіркелді.

Ал Майкл Маклауд 16 кездесуде 3 мәрте гол соқса, 3 мәрте әріптестеріне нәтижелі пас шығарып берді. 

Айта кетсек, бұдан бұрын елордалық клуб ресейлік Даниил Апальков және беларусьтік Владислав Кодоламен келісім-шарт бұзылғанын хабарлады. 

Еске салсақ, 17 қазанда «Барыс» хоккей командасының бас директоры қызметіне Нұрлан Оразбаев тағайындалды.

Сондай-ақ Ғалым Мәмбетәлиев «Барыс» командасына бас бапкер болып тағайындалды.

Енді елордалық клуб 19 қазанда Ресейде «Локомотив» (Ярославль) клубымен кездеседі.