«Барыс» командасы үш жеңілістен кейін жеңіске жетті

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сочи» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

хоккей
Фото: Kazinform

Елордалық команда бұдан бұрын қатарынан үш мәрте жеңіліс тапты. Салдарынан турнир кестесінде жағдайын біршама қиындатып алды.

Сол себепті «Барыс» алғашқы минуттан шабуылға көңіл бөлді.

Ойынның 13-минутында Кирилл Савицкий мергендік танытса, 18-минутта Райли Барбер есепті үстемелей түсті. 

Екінші кезеңде екі команда да гол соғатын мүмкіндікті іздеді.

Нәтижесінде «Сочи» сапынан Сергей Попов 34, Джесси Грэм 38-минутта гол соқса, елордалық командадан Понтус Оберг 36-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. 

Үшінші кезеңде елордалық клубтан Батырлан Мұратов 46-минутта гол соқса, Понтус Оберг 58-минутта аталған ойында өзінің шайбасының авторы атанды.

Ал 59-минутта ресейлік клубтан Матвей Мичков есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, үшінші ойынға созылған жеңіліс сериясын тоқтатты.

Енді елордалық клуб 22 қазанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің), 24 қазанда Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.

 

Соңғы жаңалықтар