«Барыс» минскілік «Динамодан» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасына қарсы өткізді.

Барыс ХК
Фото: hcbarys.kz

Биылғы маусымды сәтсіз өткізіп жатқан қазақстандық клуб үшін әрбір ойынның маңызы артып тұр. Сондықтан алғашқы минуттан шабуылға көңіл бөлген команда діттеген мақсатына жете алмай жатты. Есесіне өзінің қақпасына гол жіберіп алды.

Ойынның 18-минутында «Динамо» сапынан Крис Тирни есеп ашып кетті. Бірінші кезеңде елордалық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда олардың тарапынан дәлдік жетіспеді.

Екінші кезеңде екі команданың да мүмкіндігі аз болған жоқ. Нәтижесінде 34-минутта әріптесі Әлихан Әсетовтен пас алған Әлихан Өмірбеков бұл мүмкіндігін голға айналдырып кетті.

Ал 59-минутта «Барыс» сапынан Кирилл Панюков жеңіс шайбасын соғып кетті.

Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Бұл - команданың бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиевтің жетекшілігімен қол жеткізген алғашқы жеңісі.

Енді елордалық клуб алдағы ойынын 23 қазанда Ресейде «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб «Барыс» Ресейде «Локомотивтен» жеңіліп қалды.

Соңғы жаңалықтар