«Барыс» он бірінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, 5 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізді.

«Барыс» он бірінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты
Фото: hcbarys.kz

Кездесудің бірінші кезеңінде гол соғылған жоқ. Екінші кезеңде ресейлік клуб қатарына екі шайба соғып кетті. Оны Алексей Макеев 28, Семён Чистяков 29-минутта өзінің еншісіне жазды.

Ал Рид Буше 47, Линден Вей 58-минутта омбылық клубтың басымдығын арттыра түсті. Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:4 есебімен жеңіліп, сәтсіздік сериясы одан әрі жалғасты. 

Барыс
Фото: hcbarys.kz

Елордалық клуб биылғы маусымды сәзтсіз өткізіп келеді. Қазірге дейін он екі ойынның онында жеңілістің ащы дәмін татты. Сәтсіздік сериясын тоқтата алмай келе жатқан елордалық клуб қазірдің өзінде канадалық маман Дэвид Немировскиді қызметінен алып, орнына ресейлік Вячеслав Буцаевты алып келді.

Команда жаңа бапкермен алғашқы ойында жеңіске жеткенімен одан кейін қайтадан үш мәрте жеңіліп қалды. 

Барыс
Фото: hcbarys.kz

Елордалық «Барыс» командасы 4 хоккейшіні қатарына қосты. Олардың қатарында аталған ұжымның намысын бұрын қорғаған канадалық қорғаушы Алекс Грант та бар. Сондай-ақ команда сапына ресейлік Никита Сетдиков, Илья Хохлов, Станислав Бочаровпен маусым соңына дейін келісімшартқа қол қойды.

Енді елордалық клуб тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 7 қазанда «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар