«Барыс» он екі жеңілістен кейін сәтсіздік сериясын тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 23 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында қазақстандық команда есеп ашты. Ойынның 9-минутында Виктор Антипин «Барысты» алға шығарды.
Одан кейін ресейлік клуб қатарынан екі шайба соғып кетті. Бұл голдарды Владимир Бутузов 10, Павел Гоголев 12-минутта өздерінің еншісіне жазды.
Ал «Барыс» хоккейшісі Никита Сетдиков 16-минутта таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде «Сибирь» қайтадан алға шықты. Ойынның 33-минутында Егор Аланов мергендік танытса, кездесудің бітуіне небәрі 33-секунд қалғанда Никита Сетдиков тағы бір мәрте көзге түсті.
Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.
Овертаймда Никита Сетдиков тағы бір мәрте гол соғып, хет-триктің авторы атанды.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсіп, он екі кездесуге созылған жеңіліс сериясын тоқтатты.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі үш ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 31 қаңтарда Ресейде «Авангард» (Омбы) клубымен кездессе, одан кейін 2 ақпанда «Амур» (Хабаровск), 4 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) командаларымен шеберлік байқасады.