«Барыс» овертаймда «Металлург» командасынан жеңілді

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

хоккей
Фото: Kazinform

Ресейлік клуб биыл жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Соның арқасында 2-орынға орналасқан. 

Ал «Барыс» төменгі орындардың бірінде келеді.

Кездесу барысында командалар алма-кезек шабуылға шықты. Елордалық клуб сапынан Райли Барбер 14, Роман Старченко 22-минутта екі гол соғып кетті.

Келесі кезекте ресейлік командадан Данил Юров 25, Никита Гребёнкин 35, Никита Михайлис 36-минутта мергендік танытты.

Есеп 2:3. Ресейлік клуб алға шықты.

Ал 57-минутта «Барыс» сапынан Рудольф Червены таразы басын теңестірді.

Ойынның негізгі кезеңі 3:3 есебімен тең аяқталды. Овертаймда «Металлургтің» жолы болды.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 3:4 есебімен жол берді.

«Барыс» бұдан кейінгі ойынын 18 қазанда Ресейде «Сочи» командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб өз алаңында «Локомотив» командасынан жеңіліп қалған еді.

Соңғы жаңалықтар