«Барыс» овертаймда «Нефтехимикті» жеңіп кетті
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында ресейлік команда алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 11-минутында Рафаэль Бикмуллин «Нефтехимикті» алға шығарды.
Ал «Барыс» сапынан Понтус Оберг 12-минутта таразы басын теңестірсе, Александр Дергачёв 14-минутта қайтадан ресейлік клубтың басымдығын арттырды.
Екінші кезеңде қазақстандық командадан Понтус Оберг 25, Кирилл Савицкий 28-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Одан кейін ресейлік клубтан Александр Дергачёв 41, Рафаэль Бикмуллин 42-минутта екі шайба соғып, «Нефтехимикті» қайтадан алға шығарды.
Ал Понтус Оберг 43-минутта хет-триктің авторы атанса, ресейлік клубтан Евгений Митякин 49-минутта мергендік танытты.
«Барыс» хоккейшісі Самат Данияр 54-минутта таразы басын теңестіріп, ойын овертаймға ұласты.
Овертаймда елордалық клубтың жолы болып, қарсыласынан 6:5 есебімен басым түсті.
Еске салсақ, 18 қыркүйекте «Барыс» елордада «Нефтехимик» командасын ірі есеппен жеңген еді.
Енді «Барыс» алдағы ойындарын елордада 28 қыркүйекте «Адмирал» (Владивосток), 30 қыркүйекте «Сибирь» (Новосібір) командаларымен өткізеді.