«Барыс» Ресейде «Тракторға» есе жіберді
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Екі команда бұған дейін 55 мәрте кездесті. Оның 31-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойындарда ресейлік команда жеңіске жеткен.
Елордалық команда қатарынан төрт кездесуде жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын сәл де болса жақсартып алған болатын. Бүгінгі кездесуде де сол сәттілік сериясын жалғастыруға барын салды.
Ойын барысында «Трактор» команда алғашқы минуттан белсенді ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде айдын иелері Никита Тертышный 5-ші минутта есеп ашып кетті.
Одан кейін «Барыс» сапынан Нельсон Ножье 32-ші минутта таразы басын теңестірді. Ары қарай жиі шабуылға шығып, қарсылас қақпасына қауіп төндірген ресейлік клубтың ойыншылары бірінен соң бірі көзге түсіп, мергендік танытты. Александр Шаров 33, Данил Юртайкин 44, Виталий Кравцов 45, Илья Карлухин 54-ші минутта гол авторы атанды. Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:5 есебімен есе жіберді.
Енді елордалық клуб алдағы ойынын 7 қаңтарда Ресейде «Салават Юлаев» (Уфа) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұған дейін «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңіске жеткен еді.