«Барыс» Ресейдің «Северсталь» командасын овертаймда жеңді

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Северсталь» (Череповец) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform. 

Барыс
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Биыл елордалық клуб біріншілікті сәтсіз өткізіп келеді. Олар бұған дейін 37 ойыннан кейін 29 жинап, 23-орында тұрған еді. Ал «Северсталь» 36 ойында 37 ұпай жинап, 16-орында келе жатқан болатын.

Кездесу барысында қазақстандық команда белсенділік көрсетті. Нәтижесінде 7-минутта Энтони Камара «Барысты» алға шығарса, 13-минутта ресейлік клубтан Илья Иванцов таразы басын теңестірді.

Ал Кирилл Пилипенко 22-минутта «Северсталь» командасының басымдығын арттырса, «Барыс» сапынан Михаил Рахманов гол соғып кетті.

Осылайша негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда елордалық клубтан Евгений Рымарев мергендік таныттып, «Барыс» 3:2 есебімен басым түсті.

Бұл – елордалық клубтың қатарынан екінші жеңісі.

Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық команда көш басындағы «Металлургтен» басым түсті.

Енді елордалық клуб 5 желтоқсанда «Авангард» (Омбы) командасымен кездессе, 7 желтоқсанда «Сибирь» (Новосібір) клубымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар