«Барыс» «Торпедо» командасына есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы 28 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізді.

«Барыс» «Торпедо» командасына есе жіберді
Фото: hcbarys.kz

Кездесу барысында қазақстандық команда белсенділігімен көзге түскен еді. Ойынның 1-минутында Станислав Бочаров мергендік танытты. Бірінші кезеңде қос команда тарапынан гол соғатын мүмкіндіктер болды. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде ресейлік команда қатарынан үш шайба соғып кетті. Бұл голдарды Дмитрий Кагарлицкий 21, Василий Атанасов 25, Игорь Ларионов 30-минутта өзінің еншісіне жазды.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді. Салдарынан қатарынан төртінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.

Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі бір ойынын сырт айдында өткізіп, 30 желтоқсанда Ресейдің «Cалават Юлаев» (Уфа) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Cибирьге» жеңіліп қалды.

Соңғы жаңалықтар