«Барыс» жаңа маусымда алтыншы мәрте жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Витязь» (Подольск) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық команда өте сәтсіз ойнады. Ресейлік клубтан Иван Чехович 3-минутта есеп ашса, Әділ Бекетаев 18-минутта таразы басын теңестірді.
Одан кейін ресейлік клубтан Егор Воронков 18, Иван Воробьёв 32, Дерек Барак 36-минутта мергендік танытты.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді. Бұл — елордалық клубтың жаңа маусымдағы алтыншы жеңілісі.
Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі төрт ойынын елордада өткізеді. Алдымен 24 қыркүйекте Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) клубымен шеберлік байқасса, 26 қыркүйекте «Сочи», 28 қыркүйекте «Витязь» (Подольск), 30 қыркүйекте «Торпедо» (Нижний Новгород) командаларымен кездеседі.
Айта кетсек, елордалық клуб биылғы маусымда жеті кездесудің алтауында жеңіліп қалды. Елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Трактор» (Челябинск), «Амур» (Хабаровск), Беларусьтің «Динамо» (Минск) командаларына есе жіберді.
Одан кейін Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасын овертаймда 2:1 есебімен сүріндірсе, «Ак Барс» (Қазан) клубына 0:5 есебімен есе жіберді.