«Барыстың» бабы келісіп, бағы жана ма
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын өткізеді. Кейінгі екі жылда плей-офф сатысынан тыс қалған команда биыл олқылықтың орнын толтыра ала ма? Оған мүмкіндігі қандай? Команда тізгінін қолға алған канадалық маман Дэвид Немировски бастаған ұжым жанкүйер көңілінен шыға ала ма? Kazinform тілшісі команданың дайындығы, ойыншылары мен алдағы мүмкіндігін ой елегінен өткізіп көрді.
Жаңа бапкердің қабілетін байқаймыз...
Соңғы екі маусымда команда тізгінін беларусьтік Андрей Скабелка ұстаған еді. Тәжірибелі бапкердің жетекшілігімен 2018-2020 жылдарда елордалық клуб тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Шығыс конференциясында екінші орынға табан тіреп, плей-офф сатысының екінші кезеңінде сынға түсуге мүмкіндік алды. Дегенмен 2020 жылы ол ресейлік «Локомотив» (Ярославль) командасының тізгінін ұстады. Алайда 2022 жылы командаға қайта оралды. Бұл жолы команда жоғары көрсеткішке қол жеткізе алған жоқ. Нәтижесінде 2023 жылы ол «Барыспен» келісім-шартты ерте үзуіне тура келді. Одан кейін келген Ғалым Мәмбетәлиев те, Олег Болякин де елордалық команданың жақсы ойнап кетуіне мүмкіндік жасай алған жоқ.
Жаңа маусымға дайындық алдында команда басшылығы аталған қызметке канадалық Дэвид Немировскиді шақырды. 1993-2014 жылдар аралығында хоккейші ретінде ойын көрсеткен ол 2018 жылдан бері бапкерлік қызмет атқарып келеді. Алдымен Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) клубында еңбек еткен маман төрт жыл бойы командаға тәлімгердік жасады. 2023 жылдың сәуірінде Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) клубында бас бапкер қызметіне тағайындалған маман сол жылдың 6 желтоқсанында орнын босатты.
«Дэвид Немировски бапкерлік қызметте небәрі алты жыл ғана жұмыс жасаған. Әзірге ешқандай командамен жоғары нәтижеге қол жеткізе қойған жоқ. Сондықтан ол жайында әзірге нақты шешім айта қою қиынға түседі. Десе де ол бапкерлік қызметінде жоғары табыстарға қол жеткізуді қалайтыны анық. Сондықтан елордалық клубтың алдағы ойындарында оның қолтаңбасын танитын боламыз», - дейді спорт журналисі Телжан Күдеров.
Қандай ойыншылар келді?
Қазақстандық команда жаңа бас бапкерінің жетекшілігімен маусым алдында екі турнирде бақ сынады. Алдымен елордада Президент кубогы турнирінде үшінші орынға жайғасса, Ресейдің Омбы қаласында болған Блинов турнирінде соңғы орынды місе тұтты. Десе де онда команда құрамында көптеген ойыншылар болған жоқ. Олардың барлығы Қазақстан олимпиадалық құрамасының дайындығына байланысты «Барыс» құрамында сайысқа түсе алмады. Сол себепті әзірге «Барыстың» ойын жағдайы жөнінде пікір айтуға әзірге ертерек секілді.
Биыл команда құрамына кімдер келді? Алдымен сол жөнінде ой бөлісе кетелік. Бас бапкердің сұрауымен «Барысты» америкалық, канадалық және ресейлік хоккейшілер толықтырды. Олардың қатарында швециялық қақпашы Юхан Маттссон, қорғаныста Натан Больё, америкалық Уилл Батчер, ресейлік Никита Камалов, Виктор Антипин, шабуыл шебінде канадалық Уэйд Эллисон, Коннор Смит пен Майкл Маклауд, беларусьтік Владислав Кодола, ресейлік Дамир Жафяров, Антон Бурдасов және басқа да хоккейшілер бар. Әрине, бұл хоккейшілер Ұлттық хоккей лигасы, Құрлықтық хоккей лигасында шеберлігін жетілдірген. Сондықтан команданың алдағы жетістігіне үлкен үлес қосады деген үміт бар.
Оң нәтижеге қол жеткізе аламыз ба?
Десе де команда құрамынан ұлттық құраманың негізгі қақпашысы Андрей Шутов, канадалық қақпашы Эдди Паскуале және былтыр ойнаған шетелдік хоккейшілер кетті. Әрине, былтыр жанкүйерлер канадалық қақпашының ойынына көңілі толған жоқ. Маңызды матчтың көбісінде өрескел қателіктерге бой алдырды. Салдарынан «Барыс» қарсылас ұжымдарға есе жіберіп, турнир кестесінде төменгі орынның бірін місе тұтты.
«Биыл команда құрамы жақсы жасақталды деп ойлаймын. Әрине, қай кезде де жанкүйердің қолдауынсыз команда жоғары жетістікке қол жеткізу қиын. Әрбір ұжым өз айдынындағы ойындарында олардың қолдауын күтеді. Нәтижесінде ойыншылар жақсы шеберлігімен көзге түсуге тырысады. Сондықтан жанкүйер қолдауының арқасында оң нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамын. Мен кезінде бұл командада ойын көрсеттім. Маған әрқашан мұндай клубтарды басқару қызықты көрінеді. Командада жыл сайын жергілікті хоккей түлектері жақсы қырынан көзге көрініп келеді. Олардың арасында кейбірі басқа клубтарды ойын көрсетеді. Әрине, қарсылас ұжымдардың барлығы құрамын күшейтті. Барлығын маусым барысында көреміз», - деді команданың бас бапкері.
Енді Құрлықтық хоккей лигасындағы командалар 2024 жылдың 3 қыркүйегі мен 2025 жылдың 31 мамыры аралығында сайысқа түседі. Жылдағы дәстүрмен тұрақты кезеңде алғашқы 16 орынға ие болған ұжымдар Гагарин кубогында сайысқа түсуге мүмкіндік алады.
Еске салсақ, бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын Ресейдің «Нефтехимик» командасына қарсы өткізеді.