Барлық балабақшаны не үшін лицензиялау керек болып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын бақылау іс-шараларына қатысты түсінік берді.
- Бүгін Сенатта мақұлданған заң нормасына сәйкес, меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі білім беруі ұйымдарын лицензиялау енгізіледі. 2011 жылға дейін жалпы еліміздегі балабақшаларға лицензиялау болған. Енді 2027 жылдан бастап лицензиялау тәртібі қайтарылады, - деді Е. Оспан Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бұл шешім балалардың құқығын қамтамасыз етуді күшейтуге, мектепке дейінгі білім сапасын арттыруға бағытталған.
- Лицензиялау кезінде қауіпсіздікпен қатар, балабақшалардың материалдық-техникалық жабдықталуына қатысты талаптар қойылады, - деді вице-министр.
2011 жылдан бері балабақшалар жұмысын бастау үшін лицензия алмайды, тек қана жұмысын бастағаны туралы хабарлама береді.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заң аясында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту саласында қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібі енгізілді.
Еске салсақ, биыл қараша айында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин балабақшаларды лицензия арқылы бақылау тетігін тезірек енгізуді ұсынды.