«Барлық жол Астанаға апарады» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «Түйенің арқалағаны алтын, жегені жантақ». Дәл осындай кепті бүгінгі күнде қарағандылық «Гефест» кәсіпорнының кеншілері киіп отыр. Жеті қат жер астында көмір қыртысын қопарған жұмысшылардың еңбекақы дегенді көрмегендеріне, міне бірнеше айдың жүзі болыпты. Зады «Гефест» көмір өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығының құрамына бақандай 29 кәсіпорын кіреді екен. Міне, осы кәсіпорындардың көбісін екі жылдан бері мазасыздық жайлаған. Бұлай болмай қайтсін, «Гефесің» қол астындағы жұмысшыларының еңбекақыға деген 82 миллион теңге қарызын қалай қайтарарын білмей дал болып отырса...
«Шыдамның да шегі бар, таяуда қашан жабыламын деп күн санап отырған «Киров» шахтасының кеншілері алғашқылардың бірі болып бас көтерді. Бұл шахта Қарағандыдағы байырғы кен орындарының бірі - қабырғасы 1934 қаланған. Ал «Гефестің» құрамына кәсіпорын 2007 жылы енген болатын»,-деп жазады басылым. Бұл туралы «Қарыз қайтсе қайтады?» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Бас басылымда «Қазақстанда тұңғыш рет» деген мақала жарияланды. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүрек ырғағының бұзылуы - мерцательді (жыпылық) аритмия бойынша жасалған хирургиялық ота сәтті өтті.
Бүгінде жүректің соғу ырғағы бұзылуының бірнеше түрі бар десек, соның ішінде өте жиі кездесетіні - мерцательдік аритмия, яғни жыпылық аритмиясы. Ол жүрек ауруының үштен бір бөлігін, яғни 30 пайызын құрайды. Жыпылық аритмиясының жиі кездесетін асқынуынан тромбоэмболия және созылмалы жүрек жетіспеушілігі пайда болады. Ол өз кезегінде аритмиялық дилатациялық кардиомиопатияға өтуі мүмкін. Осы аритмия кезінде жүрекішілік тромб үлкен қанайналым шеңберіне өту қауіптілігі бар. Сондай-ақ, ол әртүрлі ағзалардың тромбоэмболиясына алып келеді, оның ішінде үштен екісі мидың қантамырларына түседі. Әрбір алтыншы ишемиялық инсульт жыпылық аритмиясы бар науқастарда дамиды.
Қазақстанда бұл ауру дәрінің көмегімен емделіп келген. Оның емдік тиімділігі 50 пайыз болса, кейінгі жылдары хирургиялық жолмен, яғни жүректі ашпай қан тамырынан катетер арқылы ошақтарды күйдірумен емдеуде. Оның емдік тиімділігі 70-75 пайыз болғандықтан, аурудың қайталану мүмкіндігі жоғары. Ал бүгінде шетелде жыпылық аритмияны емдеуде торакоскопиялық радиожиілікті аблация жасалады. Бұл отаның ерекшелігі, жүректі толық ашпайды. Кеудеден үш тесік тесіп, видеоскоп аппараты арқылы тамырдың ішімен емес, ошақты жүректің импульстары жүретін жолдарын лазермен күйдіріп емдейді. Әлемдік тәжірибе бойынша бұл аталмыш әдістің емдік әсері 80-90 пайыз жағдайда тиімді болып табылады. Басқа да тиімділігі, яғни азинвазивтілігі және қайта қалпына келу уақытының қысқалығы. Науқастар үшінші тәулікте ауруханадан шығарылады.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Барлық жол Астанаға апарада» деген тақырыппен ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің көлемді сұхбаты берілген.
«Шын мәнінде, жолдарды салу, жаңа теңіз, теміржол және авиа маршруттардың ашылуы, логистикалық орталықтардың құрылуы біздің экономикамызды дамыту үшін, біздің бизнесмендеріміздің экспортқа шығуы үшін өте қажет. Үлкен жолдардың бойында сауда-саттық өрістейді, жол бойындағы ауылдардың тіршілігі жанданады. Осы ретте біз барлық жол Астанаға баратын, ал Қазақстан транспорттық хаб болатын тармақты жасамақпыз», - дейді министр.
***
Осы басылымда «Тұнығымызды лайлауға, тұрақтылықты шайқауға жол бермейік» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Әлем лаңкестердің әрекетінен қансырап жатыр. Жер бетіндегі екі жүзден астам мемлекеттің ешқайсысы 100 пайыз лаңкестік терактілерден қорғалған емес. Ең мықты дейтін АҚШ-тың өзінде адам қырғыны жиі орын алады. Еуропа жарылыстардың ошағына айналғалы қашан...
«Соңғысы Ақтөбедегі қанды оқиға. Лаңкестердің көзі жойылды, ұсталды, қамалды. Бірақ бәрі осымен тәмәм ба? Араға уақыт салып тағы да қайталанбасына кім кепіл? 2011 жылы дәл осы өңірде осындай оғаш оқиға орын алған. Содан неге сабақ алмадық? Неден мүлт кеттік?»,-деп жазады басылым. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.