Барселона әуежайында ата-анасы 10 жасар ұлын тастап, демалысқа кетіп қалмақ болған
АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның Барселона қаласындағы Эль-Прат халықаралық әуежайында ата-анасының 10 жастағы баласын жалғыз қалдырып кеткені қоғамда үлкен наразылық тудырды. Олар ұлдарының құжаттарының жарамсыз екенін білген соң, оны әуежайда тастап, өздері ұшаққа мініп, жоспарланған демалысын жалғастыруды жөн көрген, деп хабарлайды Euronews.

Олар құжаттары толық болмай шыққан ұлдарын әуежай терминалында қалдырып, оны бір туысы келіп алып кетеді деп үміттенген. Ал өздері рейске кешікпеу үшін баланы жалғыз тастап кеткен.
Барселона әуежайындағы әуе компаниясы үйлестірушісінің TikTok-тағы @limasin41 аккаунтында жарияланған мәліметке сүйенсек, баланың жарамды испандық паспорты болған, алайда ұшуға қажетті виза болмаған. Осы себепті ол ұшаққа отыра алмаған.
Мұндай жағдайда ата-ана туысына хабарласып, балаға қарай тұруын сұраған, ал өздері ештеңе болмағандай ұшып кетпек болған.
Бұл әрекетке ашуланған әуе компаниясының үйлестірушісі әлеуметтік желіде видео жариялап, көргеніне сенбегенін айтып, бұл жағдайды сынға алды.
— Мен әуе компаниясының үйлестірушісімін және өмірімде талай нәрсе көрдім, бірақ бұл жағдай мүлдем шындыққа жанаспайтын, — деді ол TikTok-та жарияланған жазбасында.
Әуежай әкімшілігі бұл жағдайды назардан тыс қалдырмады. Дабыл арқылы бірнеше рет хабарлағаннан кейін ешкім жауап бермеген соң, қауіпсіздік қызметі іске араласты. Ақыры баласын тастап кетпек болған ата-ана өздері ойлағандай ұшып кете алмады.
— Полиция қызметкерлері ата-ана мен олардың екінші баласын он жастағы ұл болған полиция бөлімшесіне алып кетті, — деп түсіндірді әуе компаниясының үйлестірушісі.
Ең сорақысы бұл жағдайға ата-ананың еш өкінбеуі. Әуежай қызметкерінің айтуынша, олар өз істерінен еш әбестік көрмей, мұны «қалыпты жағдай» деп санаған.