«Барселона» клубы әлемдегі ең кедей елден 44 млн еуро алады

АСТАНА. KAZINFORM — «Барселона» (Испания, Каталония) клубы Конго Демократиялық Республикасымен 44 млн еуро тұратын төрт жылдық ірі демеушілік келісімге қол қоюға жақын, деп хабарлайды Mundo Deportivo. 

«Барселона» клубы әлемдегі ең кедей елден 44 миллион еуро алады
Фото: mundodeportivo.com

Бұл келісім бойынша клуб жылына 11 миллион еуро алады.

Каталония клубы елдегі туризмді ілгерілетуге бағытталған «Демократиялық Конго — Африканың жүрегі» логотипін клуб жейдесіне орналастырады. Маусым айының басында Франция 1-лигасының «Монако» клубы да африкалық елмен осындай келісімге қол қойған еді.

Бұл келісім Барселонадағы қаржылық фейр-плей жағдайын жақсартуға көмектесуі керек екендігі атап өтілді. Бұған дейін UEFА Каталония клубына осы мәселе бойынша 12 миллион еуро айыппұл салған болатын.

Конго Демократиялық Республикасы пайдалы қазбаларға бай ел және әлемдегі ең ірі кобальт өндіруші саналады. Дегенмен, кобальттың 20 пайызы қолмен өндіріледі. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 2024 жылы Конго Демократиялық Республикасындағы шахталарда 4-10 жас аралығындағы 7,5 миллионға жуық бала ауыр жұмысқа тартылған. Бірақ елде балаларға санақ жүргізілмегендіктен, нақты сандар белгісіз.

Сонымен қатар, ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, елдегі қарулы қақтығыстарға байланысты балаларды мемлекеттік және мемлекеттік емес қарулы күштер жүк тасушы, тыңшы немесе қызметші ретінде белсенді түрде алады. Мәселен, 2024 жылы мұндай жұмысқа 1 миллионнан астам бала тартылған.

Конго Демократиялық Республикасы мыс, кобальт және уранға бай болғанымен, әлемдегі ең кедей бес елдің қатарына кіреді. Ел халқының 65 пайызға жуығы (шамамен 100 миллион адам) күніне 2,15 доллардан аз ақшаға күн көреді.

Еске сала кетейік, 30 жылдан кейін Конго мен Руанда бейбіт келісімге қол қойды.

Соңғы жаңалықтар