Барселона маңында пойыз рельстен шығып кетіп, машинист мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM — Барселона маңында пойыз рельстен шығып, апатқа ұшырады. Бір машинист қаза тауып, 14 адам жарақат алды, деп хабарлады ВВС.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, Барселонадан батысқа қарай шамамен 35 шақырым жерде орналасқан Каталониядағы Желида мен Сант-Садурни арасындағы жолда Rodalies пойызы тіреу қабырғасымен соқтығысқан.
Жергілікті өрт сөндіру қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына 35 экипаж жіберіліп, пойызда қалған бір жолаушы құтқарылған. Кейінірек өрт сөндіру бөлімі пойыз ішінде ешкім қалмағанын, ал құтқару топтары басқа зардап шеккендердің бар-жоғын анықтау үшін пойыздың іші-сыртын тексеріп жатқанын түсіндірді.
Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, жаралылардың бір бөлігі жақын маңдағы Мойзес Броджи, Бельвитже және Вила-Франка ауруханаларына жеткізілген.
Апат Испанияның солтүстік-шығысында соққан қатты дауыл кезінде орын алды.
Каталониядағы апат Адамуза қаласында екі жүрдек пойыз соқтығысқаннан кейін екі күн өткен соң болды. Бұл Испаниядағы 10 жылдан астам уақыттағы ең үлкен теміржол апаты болатын. Малагадан Мадридке бара жатқан пойыз вагондары рельстен шығып, қарсы жолдағы жүрдек пойызбен соқтығысып, 42 адам қаза тапты.
Айта кетейік, Испанияда пойыз апатына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды.