Барселонада испандық оқушылардың арасында Қазақстан туралы жазылған үздік шығармалар байқауының қорытындылары шығарылды

Орта буын өкілдері арасында өткізілген конкурсқа Испанияның барлық аймағынан 1500-ден астам колледж қатысушылары өз шығармаларын ұсынды, деп хабарлайды ҚР Сырты істер министрлігінің баспасөз қызметі.
«Азия үйі» қоғамдық ұйымының, Испания Білім министрлігі мен ҚР елшілігінің өкілдерінен тұрған қазылар алқасына испандық оқушылардың толық және қызықты шығармалары ұсынылды. Қазылар алқасының шешімі бойынша ең үздік шығарма жазған 17 финалистің ішінен өзінің жұмысын «La encrucijada de dos mundos» (Екі әлемнің тоғысуы) деп атаған Каталониядан келген Глория Масия Муньос (Glòria Macià Muñoz) жеңімпаз атанды.
Барселонадағы салтанатты құттықтау рәсіміне қазақстандық дипломаттар, «Азия үйі» ҚҚ бас директоры, Испания сыртқы саясат ведомстволарының жоғары шенді өкілдері қатысты.
Конкурс жеңімпазына «Азия үйі» қорының бас директоры Хесус Санс пен Қазақстан елшісі Ерғали Бөлегенов қол қойған сертификат салтанатты түрде табыс етілді.