Барша түркінің атажұрты - Қазақстан

Егер әу бастан-ақ Еуразиялық одақ сынды идеяларды ресейлік және отандық БАҚ-тар оң және теріс жағынан сараптап, барша ел ішінде жарнамалауына жол ашса, өкінішке қарай, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тілі бір, діні бір бауырлас түркі халықтарының бірігуіне байланысты бастамалары, әсіресе, орыстілді аудитория үшін әлі де кеңінен насихатталып жатқан жоқ. Ал олардың түркі халықтары ішінде барынша насихатталуына не кедергі? Елбасы тәуелсіздік алған жылдардан бері ту еткен, түрік, қазақ, өзбек, қырғыз бен әзірбайжан сарапшылары 2000-2007 жж. кеңінен талқылаған, қолдаған Түркістан одағы, Орталық Азия одағы, Қазақ-қырғыз конфедерациясы, Ортаазиялық экономикалық одақ, т.б. сынды бастамаларының бірі аяқсыз қалса, бірі әлі де қолдауды талап етеді. Ғаламдастыру заманында түркілердің бірігуі - тағдыр сыйы емес пе?
«Түркілер бірігетін заман келеді!»
Осыдан бірер жыл бұрын Түркі кеңесі аясында өткен қазақ-түрік бизнес форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемені Түркі кеңесіне мүше елдер - Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Түркияның көптеген сарапшылары мен ғалымдары «ұлттар мен халықтардың тағдырына әсер еткен ұлы саясаткерлердің тарихи мәлімдемелерімен» бір орынға қойып, жоғары бағалады. Өз кезегінде Елбасы:
- Кезінде Ататүрік «Түркілердің бірігетін заманы келеді» деген еді. Сондықтан мен барша түркітілдес бауырларыма жылы ілтипатымды білдіргім келеді. Алтай мен Жерорта теңізінің арасында 200 миллиондай бауырымыз тұрады. Егер біз бәріміз бас біріктірсек, әлемде өте мықты күшке айналамыз» деген еді. Сөзсіз, Елбасының бастамасымен түркілердің мәдени, ғылыми интеграциясына жол ашқан жобалар жүзеге асты. Атап айтсақ, Түркітілдес мемлекеттері басшыларының кеңесі құрылды. ТҮРКСОЙ мәдени ұйымымен қатар, Астанада Түркі академиясы қызмет ете бастады. Бакуде Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, интеграциялық идеялардың әлемдегі барша түркінің атажұрты - Қазақстаннан шығып жатқаны да тектен-тек емес. Кезінде күллі әлемге сес көрсетіп, алып империяның негізі болған түркілер бірнеше ғасыр бойы «Бөліп ал да, билей бер» деген кері саясаттың құрбанына айналып, бір-бірінен алшақтап кетті. Ал бүгін бірігу туралы тарихи бастамалардың Астанадан шығуы - өткен тарихтан сабақ алып, ұлттық, тілдік һәм діни бірлікті сақтап қалумен қатар, экономикалық мығым одаққа айналудың әрекеті екенін сарапшылар мойындайды. Дәл осы қазақ-түрік бизнес-форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
- Біз барша түркі халықтарының Отанында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін біз Ресей патшалығының колониясы болдық, кейін Кеңестік Одақтың құрамына кірдік. 150 жыл ішінде қазақтар өзінің ұлттық дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан, тілі мен дінінен айырыла жаздады. Жаратушының көмегімен біз 1991 жылы тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіздердің ата-бабаларыңыз тарихи Отанынан, Түркі қағанатынан кетіп бара жатып, өздерімен бірге түркі халқының атауын алып кетті. Қазірге дейін түріктер ең мықты жігіттерін - «қазақтар» деп атайды. Сол қазақтар біз боламыз!» деп мәлімдеді. Мұның артынша күллі ресейлік БАҚ-тар шулап кетті. Сол кезеңде жарияланған мақала атауларын көрсеңіз, «Қазақстан Еуразиялық одақтан кете ме?», «Түркі бірлігі Еуразиялық одаққа қарсы ма?» дегендей дұрыс мәлімдемеден теріс мән іздеген материалдардан көзіңіз сүрінеді. Түптеп келгенде, түркілердің экономикалық одағы ең алдымен Ресейге тиімсіз көрінеді. Ресейдің құрамындағы оннан астам түркі мемлекеттерінің исламға бет алып, сепаратизмге бой алдыруынан Мәскеудің бұрыннан сескенетіні әмбеге аян. Ал түркілер бірігіп, Қазақстан арқылы өзбек пен түркімен газын Еуропаға апаратын жол ашылса, Ресейдің де Еуроодаққа, Украинаға ықпал етіп отырған жалғыз құралы құрдымға кетуі бек мүмкін. Газ арқылы қысым жасау тетіктерінің әлсіреуі мүмкіндігін мамандар да растайды. Содан болар, егер Елбасының түркілердің экономикалық интеграциясына қатысты бастамаларын Түркия мен Әзірбайжан қос қолдап қолпаштап кетсе, Ресей сын тезіне айналдырып, тәуелді БАҚ-тарында сарказм мен күдікке толы материалдарды бұрқыратып, идеологиялық майданда қатал жұмыс істей бастайды. Отандық сарапшылар қазақстандық ақпараттық кеңістіктің әлі де Ресейге тәуелді екенін айтумен қатар, ақпараттық экспансияның өршіп тұрғандығы, белді БАҚ басшылықтарында ресейшіл азаматтардың отырғандығы туралы талай мәселе көтерсе де, шетелдік БАҚ-тар мен медиа-менеджерлерді тыю мүмкін болмай келеді. Ал «кімнің қолында ақпараттық тетіктер болса, сол халықтың санасын билейтінін», әсіресе, журналистер қауымы жақсы біледі. Түптеп келгенде, түркілердің бірігуіне байланысты қорқыныш, үрей мен күдік, сенімсіздікке шырмалған ақпарат Ресей мен Қазақстанның орыстілді БАҚ-тарынан шығып жатыр. Бұл одақтарға деген немқұрайдылық осындай теріс ақпараттың кесірінен кеңінен жайылып барады.
Мәдени байланыс мығым, бірақ...
Түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы интеграциясы түптеп келгенде, саяси интеграцияға ұласып кетуі мүмкін бе? Бұл сауал, әсіресе, Ресей мен Арменияның сарапшыларын ерекше алаңдататын сияқты. Бұл арада түрік депутаттары өз сұхбаттарында «Түркияның да, түркі әлемінің де саяси бірлестік құруға атсалыспайтынын» талай мәрте тілге тиек еткен. Түркі халықтары арасында қаншалықты мәдени және экономикалық байланыстар ілгері дамып жатыр десек те, интеграциялық бастамаларға кедергі болып отырған түйткілдер де баршылық. Шенділердің ойынша, ең басты мәселе - бюрократиялық кедергілер. Әсіресе, түркітілдес елдердің кәсіпкерлеріне көбірек жол ашып, мүмкіндіктер көкжиегін көрсету мақсат боп тұр. Сондықтан да кедендік кедергілерді жойып, қағазбастылықты бір ретке келтіру мәселесі де күн тәртібінен түсер емес.
Ал ресейлік сарапшылардың түркі бірлестіктеріне күмәнмен қарауға еш реті жоқ. Бұдан қандай да бір саяси астар іздеу де жөн емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алған жылдардан бері көпвекторлы саясатты ұстанып, барлық елдермен бірдей деңгейде ынтымақтастық пен достыққа жол ашуы мемлекеттің бүгінгідей дамуының кепілі болғаны анық. Бір жағынан, сарапшылар Елбасының түркі бірлігі туралы мәселені қашанда жоғары мінберлерден баса айтатынын жеткізсе, екінші жағынан, Еуразиялық одаққа да теріс қарамайтынын алға тартады. Тіпті 1994 жылы Елбасының өзі осы идеямен шыққан еді. Бұл арада сарапшылар Елбасының «түркілік» және «еуразиялық» идеяларының мемлекетаралық деңгейде талқыланып, қос бастаманың өзара бәсекеге түсіп отырғанын жоққа шығармайды. Ал отандық саясаттанушылар, әрине, бірінші кезекте түркілік идеяның кеңінен жүзеге асқанын қолдайды. Себебі, ғаламдастыру заманында тілі бір, діні бір, ділі бір елдердің аман қалуы да бірлік мәселесіне барып тірелетіні белгілі.
Бір қуантарлығы, бүгінде Қазақстан мен Түркияның жеке бастамаларының арқасында түркітілдес журналистер мен мәдениет қайраткерлерін біріктіру мен жақындастыру мәселесі дұрыс жолға қойылған. Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын Түркияның Эскишехир қаласында түркітілдес 26 мемлекеттің журналистері қатысқан медиафорум болды. Одан кейінгі медиафорум Татарстанда сәтті өтті. Өкінішке қарай, татар журналистерінің айтуынша, түркі әлемі үшін әлі де Қазан қаласының белгісіздеу екені жасырын емес. Яғни, бір-бірімізді тануда ақпараттық-насихаттық жұмыстардың да дұрыс жүргізілгені маңызды. Түркітілдес сарапшылардың ойынша, «БАҚ бірге болса, халықтар да бірге болады. Баспасөзді жақындастырсақ, біз халықтарды да біріктіруге жол ашамыз» деген ұстаным жоғары мәнге ие. Сондықтан түркі журналистерінің бір-біріне бауырдай қарап, ақпарат алмасуда өзара ықпалдастыққа жақын болуы маңызды.
Түркі халықтарының ерекше ынта-ықыласын туғызған Turkvision ән байқауы да түркі әлеміндегі соңғы музыкалық бағыттармен қатар, отандық және түркілік әнші-сазгерлерді тануға, бағалауға жол ашты. Ортақ музыкалық телеарналар да мәдени байланыстың жаңа бағыттарын айқындап беруде. Түптеп келгенде, түркі музыкасын азаннан кешке дейін көрсететін ортақ телеарналардан бөлек, әр елдің жаңалықтарын, тарихи өзгерістері мен қазіргі тыныс-тіршілігін көрсететін мәдени, ақпараттық телеарналардың қажеттігі де байқалады. Бұл да уақыт еншісіндегі бастамалар болса игі.
Князь МИРЗОЕВ, түркітанушы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:
Түркілер үшін жақындасудан басқа жол жоқ
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі республикаларының бірігуіне ерекше мән береді. Ұлт Көшбасшысының бастамасымен Түркі әлемінің академиясы, ТҮРКСОЙ ұйымы, т.б. құрылымдар дүниеге келді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін бүгінде түркі әлемінде Ататүріктен кейін дүниеге келген ең кемеңгер, сыйлы басшы, интеграция бастамашысы, тіпті түркі әлемінің құрметті ақсақалы деп жоғары бағалайды. Ол түркі әлемінің бірігуін ғана көтеріп келе жатқан жоқ, сондай-ақ үлкен саясаттағы кемеңгер тұлға ретінде түркі халықтарын қорғап та, қолдап та келеді. Естеріңізде болса, Ресейдің әскери ұшағын атып түсіргені үшін Ресей мен Түркия арасында қандай қиын жағдай орнады?! Тіпті түрік пен орыс арасында 7-8 айға дейін қырғи-қабақ соғысқа татитын салқындық пайда болды. Ал Елбасы түркі әлемінің көшбасшысы ретінде Ресей мен Түркия алдындағы абырой-беделін пайдалана отырып, екі елді татуластырды. Екі елді өзара татуластырғаны үшін қазақ президентіне талай алғыс жауды. Тіпті бұл араағайындықтың маңызын Ресей президенті Владимир Путин де, Түркия президенті Тайып Реджеп Эрдоған да баса айтты.
Бүгінде Қазақстанның оқу орындарында түрік тілін үйренуге бар жағдай жасалған. Сол сияқты қазақ балалары Түркияда оқып, тиісті деңгейде білім алып жатыр. Түркиядан Қазақстанға келіп білім алып жатқандар да жетерлік.
Түркия - Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі, тіпті Әлемдік банкте біз үшін кепіл болды. Мұны Елбасы да жиі айтады. Бұл сол кезеңнің қиындықтары еді. Ал бүгін керісінше, Қазақстан аяққа нық тұрып, түркі елдерінде қалыптасып жатқан түйткілді мәселелерді шешуге барынша атсалысып келеді. Қазақстан - Орталық Азия елдері ішінде интеграциялық бастамаларды көтеріп келе жатқан көшбасшы ел болумен қатар, түркі мәдениеті мен салтының қайта жаңғыруына сүбелі үлес қосып келе жатқан мемлекет.
- Түркітанушы ретінде бағаңызды берсеңіз, неге Қазақстан тарапынан көтеріліп жатқан интеграциялық бастамаларға Өзбекстан мен Түркіменстаннан ынта-ықылас байқалмайды?
- Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері бүкіл әлем бойынша, әсіресе, көрші елдерге байланысты бейбіт саясат жүргізіп келеді. Тіпті ядролық қарудан бас тартуының өзінен бүкіл әлем елдің ерік-жігерін көре білді. Қазақстан ешқандай да елдерді бөлетін блоктарға кірмейді. Елімізде әр жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезінің өтуі де сол саясаттың бір көрсеткіші. Еліміз ЕҚЫҰ-ны басқарған кезінде де осы саясатын жалғастырып, араағайындық, бітімгерлік жұмыстарын жандандырды. Құдай қаласа, Астанада ел беделін айшықтайтын EXPO - 2017 көрмесі өткізілмек. Бұл да мемлекеттің әлемдік аренадағы беделінің белгісі.
Ал Өзбекстан мен Түркіменстанда өз бағыттарына сай саясат жүргізіліп келеді. Мәселен, Өзбекстан бірде ресейшіл, бірде америкашыл бағытты ұстанды, яғни, тұрақты саясат болмады. Түркіменстанда да жағдай солай болды. Әрине, мемлекетаралық саясаттарына сарапшылар өз бағасын бере жатар. Бізге маңыздысы - өзбектің де, түркіменнің де түркітілдес халықтар екендігі. Ал олар бізден ешқашан да алшақтай алмайды. Олар түркі әлемінің бір құрамдас бөлігі. Біздің тіліміз, тарихымыз ортақ. Рухани құндылықтарымыз бір. Мәселен, бәрімізге ортақ тарихи эпостар баршылық. Ал мұндай тарихи құндылықтардан бас тартып, бірікпеу мүмкін емес.
- Яғни, ортақ мәдени-тарихи құндылықтарымыз болған соң, түркі халықтары болашақта тығыз интеграциялық байланыстарға бет алады дегіңіз келе ме?
- Иә, мен бұған кәміл сенемін. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз, тіліміз бен дініміз бір. Сондықтан біз бір-бірімізден алшақтай алмаймыз. Кезінде Жібек жолының бойында бас бірігу тарихи тұрғыдан дұрыс бағытта дамыған. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі бірлігін жиі тілге тиек етеді әрі Еуразиялық экономикалық одақ құрылымында түркі республикаларына жол ашықтығын сездіреді. Қазір Қазақстан мен Қырғызстан бұл құрылымға мүшелік етеді. Жалпы, болашақта оған Әзірбайжан мен Өзбекстан қосылса да құба-құп. Бұл да түркілердің өзара мығым байланысына сүбелі үлес қосар еді.
Нұрсұлтан Назарбаевты көреген басшы деп тектен-тек айтпайды. Ол түркілердің бірігу қажеттігін көрегендігінен айтып жүр. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде соғыстар мен шайқастар болып жатыр. Ал Қазақстан өз үлгісімен халықтар бірлігін көрсетіп отыр. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы да тектен-тек емес. Бұл жоба сәтті жүзеге асып, қазақстандық патриотизмнің дамуына мол үлес қосуда. Ендігі кезекте түркілердің бірлігін қамтамасыз ету маңызды. Өз басым түркі бірлігіне кәміл сенемін.
Дереккөз
Бүгінде әлемде 200 млн-нан астам түркі халықтары тұрады. Ғаламдастыру мен интеграциялық үдерістер түркілердің тарихи жерлерінен асып, бүкіл әлемге тарауына жол ашты. Бүгінде түркітілдес халықтар Еуразия, Солтүстік Америка мен Австралия құрылықтарына дейін тараған. Бұдан бөлек түркі халықтарының тұру мекендері Орта Азия, Солтүстік Кавказ бен Жерорта теңізінің маңы, Оңтүстік және Шығыс Еуропадан бастап, тіпті Ресейдің Қиыр Шығысына дейінгі территорияларға дейін алып жатыр. Ал Қытай, Америка, Таяу Шығыс пен Батыс Еуропа елдері үшін түркілер ұлттық азшылыққа жатады.
1991 жылы бірқатар түркі халықтары Кеңес Одағынан бөлініп шығып, тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Түркіменстанның егемендігін Түркия елі үлкен қуанышпен қарсы алып, алғашқылардың бірі болып бауырлас елдердің тәуелсіздігін мойындады.
Бүгінде түркі мемлекеттері ішінде ең халқы көп елге Түркия жатады. Мұнда 80 миллионға жуық халық тұрады. 2015 жылдың соңғы санағына сенсек, Өзбекстанда - 32 млн, Қазақстанда - 18 млн, Әзірбайжанда - 10 миллионға жуық, Қырғызстанда - 6 млн, Түркіменстанда - 5,5 млн халық тұрады. Бұл елдердегі байырғы ұлттан бөлек, этностық топтардың басым бөлігі - түркітілдес. Бұған қоса Қытай, Ресей мен Өзбекстанның территориясында тұратын ұйғыр, татар, башқұрт, қарақалпақ, чуваш, гагауздар, т.б. саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Жалпы, түркілер өмір сүретін ең алып территория Ресей елі болып саналады.
"Айқын" басылымы