«Барыс» елордада «Нефтехимик» командасынан ұтылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Ресейдің «Нефтехимик» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» елордада «Нефтехимик» командасынан ұтылып қалды

Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Елу бір ойыннан кейін 48 ұпайға қол жеткізген «Барыс» 18-орында келе жатса, қырық тоғыз ойыннан кейін 47 ұпайы бар «Нефтехимик» 20-орынға жайғасқан еді.

Кездесу басынан елордалық хоккейшілер тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 4-минутта Линден Вей есеп ашса, 28-минутта ресейлік Егор Попов таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде «Барыс» командасы белсенділікті арттырды. Команда сапынан Антон Сагадеев 30, Энтони Луис 36-минуттарда екі шайба енгізді. Оған 38-минутта Андрей Белозёров бір голмен жауап қайырды. «Нефтехимик» сапынан Андрей Чивилёв 41, Михаил Сидоров 53-минуттарда гол соғып, басымдықты арттырды. Ал, 58-минутта «Нефтехимик» хоккейшісі Павел Порядин бос тұрған қақпаны дәл көздеді.

Осылайша, елордалық клуб қарсыласына 3:5 есебімен есе жіберді.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 16 қаңтарда елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада ЦСКА командасынан жеңіліп қалды.