«Барыс» ресейлік «Металлург» командасымен бесінші кездесуін өткізеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысында бүгін, 9 наурызда Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен бесінші кездесуін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу елорда уақытымен 19:50-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Биылғы плей-офф сатысында командалар төрт ойын өткізіп үлгерді.
Әзірге жеңістер сериясында «Металлург» 3:1 есебімен алда тұр.
Бүгін ресейлік клуб жеңіске жеткен жағдайда плей-офф сатысындағы ойындар тоқтатылып, «Металлург» жарыстың келесі сатысына жолдама алады.
Қазірге дейін 1/2 финалға Ресейдің СКА, «Спартак», ЦСКА командалары шығып үлгерді.
Еске салсақ, Магнитогорскіде өткен алғашқы кездесуде «Барыс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Одан кейін 2:6 есебімен есе жіберді.
5 наурызда елордада алдымен қарсыласына 3:5, одан кейін 2:5 есебімен жол берді.
Бес матчта жеңімпаз анықталмаған жағдайда 11 наурызда елордада тағы бір ойын өтеді.
Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында төрт мәрте жолықты.
Оның екеуінде «Барыс» жарысты жалғастырса, екеуінде «Металлург» клубының жолы болды.