Бас ауруын елемеу инсультқа әкелуі мүмкін – невролог ескертеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бас ауруын елеусіз қалдыруға болмайды. Себебі, оның соңы инсультқа ұласуы мүмкін. Бұл туралы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында невролог маман мәлімдеді. 

Бас ауруын елемеу инсультқа әкелуі мүмкін – невролог ескертеді
Фото: depositphotos.com

– Бас ауруы 100 пайыз адамдардың бәрінде кездеседі. Бірақ ол жедел және созылмалы болып екіге бөлінеді. Жедел бас ауруында адам медициналық көмекке жүгінгені дұрыс. Жедел бас ауруы кезінде ауырсынуды басатын дәріні ішіп жата беремін деген болмайды. Ол инсульттің не жедел қан-тамыр ауруларының белгісі болуы да мүмкін, - дейді Динара Жүсіпова.

Маман созылмалы бас ауруларына да тоқталды.

– Созылмалы бас ауруы барлық адамда кездеседі. Шаршаған кезде, тіпті кей адамдарда таңертең ұйқысынан оянғанда да басы ауырып тұрады. Жалпы адам ұйқыдан тұрған кезде бас ауруы қалыпты емес. Өйткені адам тынығып тұрды, жүйке жүйесі тынық болуы керек. Бас ауырса, демек онда бір патология бар деген сөз. Сол үшін мұндай жағдайда дәрігерге көрінген дұрыс. Бас аурудың тағы бір түрі – бұлшықетпен байланысты. Компьютердің алдында, кеңседе отырып көп жұмыс істейтіндерде бас аурулары жиі кездеседі. Олардың бұлшықеттерінің бәрі қысылып, бас ауруына әкелуі мүмкін. Оның емі тек дәрігермен ғана басылады. Өйткені ондай науқастар 2-3 айға дейін ұзақ ем қабылдауы мүмкін, - дейді спикер.

маман кеңесі
Фото: видеодан алынған скрин

Невролог бас сақинасы жиі ұстайтын науқастарға ескерту жасады.

– Одан кейін мигрень, қазақша бас сақинасы деген ауру бар. Адамның оған шыдауы мүмкін емес. Ол жерде ауырсынуды басатын дәрілер көмектеспейді. Нақты диагноз қою үшін де ұзақ мерзімді тексерістен өту керек. Бұл ауруға бей-жай қарап жата беруге болмайды. Үшінші кезекте бас ауруы омыртқаға байланысты да болуы мүмкін. Остеохондроз, протрузия, грыжа болуы мүмкін. Адамның жүйкесі қатты шаршаған кезде бас ауырады, - дейді ол.

Динара Жүсіпова бас ауруының салдары депрессияға ұласуы мүмкін екенін айтты.

– Бас ауруының тағы бір жаман қасиеті: егер адамның басы 2-3 күн ауырса, ол қайтадан бас ауруға алып келеді. Яғни өз-өзіне бас ауруды қайталап шақыра бастайды. Мұндайда неврологтар миға әсер ететін дәрі беріп, бас ауруды тоқтатуға әрекет етеміз. Мұндай аурулардың арты ең бірінші кезекте созылмалы депрессияға алып баруы мүмкін. Екінші кезекте эмоционалды бұзылысқа душар болуы мүмкін. Адам ашуланшақ болады, жұмыс кезінде концентрациясы болмайды, ұмытшақ бола бастайды және жан-жағына патологиялық мінезі көріне бастайды, - дейді маман. 

Еске сала кетейік, бұған дейін жастар арасында жаңа синдром пайда болғанын жазған едік. 

.

Соңғы жаңалықтар