Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Мысырдағы халықаралық басқосуға қатысты
Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметінен хабарлайды.
Басқосуда сөз алған Мысырдың Уақыптар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық қарым-қатынас, мәдени-рухани байланыстың күн санап артып келе жатқанын баяндады.
Қазақстандық делегацияны бастап барған ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов Уақыптар министрлігі мен Әзһардың «Нұр» қазақ-египет Ислам университетіне жасап жатқан қамқорлығы мен жақсылығы үшін алғысын жеткізді. Төраға бауырлас екі елдің қарым-қатынасы нығая беретініне сенім білдірді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің дін саласындағы оң өзгерістер, жеткен жетістіктер мен нәтижелері туралы әңгімеледі. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кадр сапасына, діни оқу жүйесін жетілдіруге аса мән беріп отырғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ Мысырдың жоғары білім беру министрі, мүфтиі, ғалымдары мен діндарлары қатысқан кеңесте бірқатар мәселелер талқыланды. Қамқоршылар кеңесінде оқу жүйесін жетілдіру жөнінде арнайы комиссия құру туралы қарар қабылданды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осы комиссияның мүшелігіне қабылданды.
Талқылауда имамдар дайындау және Әбу Ханифа мәзһабын зерттеу орталықтарын ашу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, студенттерді алдын ала оқыту орталығын ашу туралы да сөз болды.