Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну керек. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.

Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, Алла қаласа биылғы қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Наурыз айының 26-ынан 27-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан оразасы 29 күнге келіп отыр. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп әмір еткен. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар ол жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болатынын еске салды. Бұған шариғатымыз рұқсат береді. Ислам діні ауыз бекітуге, зекет пен садақа беруге шамасы келмейтін адамдарды ауыртпалықтан босатқан.

- Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап... Осы ретте баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз, - деді Бас мүфти.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталатынын хабарлап отыр. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн — Қадір түні, ал 30 наурыз — Ораза айт мерекесі.

Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.

Айта кетейік, барлық өңір, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін PDF форматта muftyat.kz сайтынан сілтемеге өтіп жүктеп алуға болады

Соңғы жаңалықтар