Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Құрбан айт мерекесіне байланысты өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасады.

Құрбан айт
Фото: muftyat.kz

ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерден Құрбан айтта мал бағасын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға шақырды. 

Құрбан айт
Фото: muftyat.kz

«Біз қашанда өзгелерге қайырымдылық жасап, айналамызға шуағымызды төгіп, үлкендердің алғысы мен батасын алып, өсіп-өнген елміз. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген. Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік», - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мейрамына қатысты түсінік берген еді.

Соңғы жаңалықтар