Бас прокуратура еліміздегі бірқатар арнаулы білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейтіндігін анықтады

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бас прокуратура еліміздегі бірқатар арнаулы білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейтіндігін анықтады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.
None
None

«Атап айтқанда, жекелеген арнаулы мекемелер заңмен белгіленген талаптарды бұза отырып, өз территорияларының тиісінше күзетілуін қамтамасыз етпеген. Мысалы, Павлодар қаласындағы арнаулы мекеме аумағында қарапайым қоршаулар да болмаған. Бөгде адамдардың келуі бақылауға алынбаған, тиісінше олардың жауапкершілігіндегі балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген»,-деді ресми өкіл.

Мінез-құлықтарында ауытқушылықтары бар тәрбиеленушілер мекеме аумағынан өз еріктерімен бірнеше рет кетіп қалу фактілері жиі орын алып отырған.

Жоғарыда аталған Павлодар қаласындағы арнаулы мекемеде 2010 жыл ішінде 23 тәрбиеленуші мектеп аумағынан өз еріктерімен кетіп қалған. Олардың 7-уі жүйелі түрде бірнеше рет бой тасалаған. Осыған ұқсас жағдайлар 2009 жылы да орын алған.

Жуырда осындай фактілер Алматы қаласындағы арнаулы мекемесінде де болды. Оның 9 тәрбиеленушісі қашып кеткен.

«Өз еріктерімен бірнеше рет кетіп қалу фактілері Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы арнаулы мекемелерде де орын алған. Айтып өту қажет, кейбір жағдайлар бойынша арнаулы мекеме басшылары бой тасалаған балаларды іздестіру туралы құқық қорғау органдарына да жүгінбеген. Керісінше, көбінде аталған фактілерді жасыруға тырысқан»,-деп атап көрсетті Ж. Өмірәлиев.

Оның айтуынша, осындай салғырттықтың нәтижесінде аталған тәрбиеленуші балалар қылмыс жасауға барған. «Мысалы, Павлодар қаласындағы арнаулы мекемеден қашып кеткен 23 тәрбиеленушінің 7-уі қылмыс жасаған. Мекеме аумағының тиісінше күзетілмеуі спирт ішімдіктері және осы сияқты басқа да заңмен тыйым салынған заттарды мекемелерге алып өтулер жағдайына да алып келген»,-дейді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар