Бас прокуратура инвесторды қорғауға қатысты қандай ұстаным енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев елімізде кәсіпкер мен инвесторды қорғау тетіктеріне түсінік берді.

– Инвесторларды қорғау мәселесі заңмен бекітілген. Прокурордың келісімінсіз ешбір орган оларды тексере алмайды және лицензиясын қайтарып ала алмайды. Сондай-ақ прокурордың рұқсатынсыз инвестормен жасалған шарттар бұзылмайды, – деді Жандос Өмірәлиев.
Бұдан бөлек ол жалпы кәсіпкерлерге қатысты да қылмыстық істі прокурордың келісімінсіз қозғауға болмайтынын айтты.
- Бұл – Бас прокурордың тікелей нұсқауы. Егер мәселе азаматтық-құқықтық келісімшарттарға байланысты туындаса, онда бұл даулар сотта қаралуы керек. Құқық қорғау органдарының араласуы – теңсіздік туғызып, кәсіпкерге қысым ретінде бағалануы мүмкін, – деді Бас Прокурордың орынбасары.
Осыған дейін Бас прокурордың орынбасары елімізде алаяқтарды анықтау жұмыстары күшейіп келе жатқанын жеткізді.