Бас прокуратура ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыруға арналған қаржының өзге несиелерді қаржыландыруға бағытталғандығын анықтады

АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ұлттық қордан дағдарыстың салдарын жою мақсатында бөлінген қаржы Үкіметтің экономиканы тұрақтандыру жөніндегі шараларына сай жүзеге асырылды. Соған қарамастан, ұлттық қор қаражатын игеруде біршама кемшіліктерге де жол берілген.
None
None

Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлердің және аз қамтылған отбасыларға арналған жеңілдіктерді осы санатқа жатпайтын азаматтарға берудің 8 фактісі анықталды. Бұл туралы бүгін құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің отырысында Бас прокурордың орынбасары Асқат Дауылбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметтеріне қарағанда, ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыруға арналған қаржының заңсыз түрде өзге несиелерді қаржыландыруға бағытталғандығы анықталды. Банктер тұтынушылық мақсаттар мен кейінге қалдыруға болмайтын қажеттіліктерге бөлінген қаржыны пайдалана отырып, ешқандай негізсіз 14 займды қайта қаржыландырған. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасына бөлінген қаржыны мемлекеттік бағдарламада көрсетілмеген мақсаттарға бөлу жағдайлары да анықталды. «Ұлттық қордың қаржысын игеруге қатысты жүргізілген тексерулердің нәтижесі бойынша өткен жылдың шілде айында Қаржылық бақылау агенттігі мен «Самұрық-Қазына» қоры және Бас прокуратураға жіберілген кемшіліктерді жойып, кінәлі азаматтарды жауапқа тартуға байланысты ұсыныс жасалды. Ал «Қазагро» холдингіне тек аздаған ғана кемшіліктердің жіберілуіне байланысты олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде ұсыныс жасалды», деді прокурордың орынбасары.

Оның айтуынша, осы кемшіліктерді жою жөніндегі Бас прокуратураның талаптары толығымен орындалған.

Соңғы жаңалықтар