Бас прокуратура қандай ЖЭО тексереді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы еліміздегі жылу электр орталықтарын тексереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас прокуратура қандай ЖЭО  тексереді
«Жыл электр орталықтарына қатысты тексеру жүргізуді сөзсіз жоспарлап отырмыз. Бірақ қазіргі уақытта жылыту кезеңін ескере отырып, барлық ЖЭО-ны қамтымаймыз. Кейбір тексерулер аталған ЖЭО-лардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретіндігін түсінеміз», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев ведомствоның биылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, прокуратура, өкілетті органдардың араласуы қажет етілетін ЖЭО-лар Екібастұздағы жағдай қайталанбас үшін тексерілетін болады. Қазіргі уақытта Риддер ЖЭО қызметіне тексеру жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Екібастұздағы жылу нысандары тексеру қолға алынған.

«Тексеру қорытындысы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қалған ЖЭО-лар мен жылу-энергетика нысандарын да міндетті түрде тексеретін боламыз», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұған дейін Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын айтқан болатын.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестиция жеткіліксіздігі аталды.

7 желтоқсанда барлық көпқабатты үй жылуға қосылғаны мәлім болды.

8 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы жылу жүйесін қалпына келтіру 15 желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты.

Осы күні қалада төтенше жағдай режимі алынды.