Бас прокуратура: Козловқа қатысты үкімге саяси астар беру - қисынсыз

АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Козловтың тек қоғамдық қайраткер болғаны үшін, оны жеке қарау және бұл іске саяси бояу беру қисынсыз. Бұл туралы бүгін Астанада Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
None
None

Еске сала кетейік, батыс басылымдары мен саясаттанушылары Козловтың ісін Қазақстандағы оппозицияны қудалау деп бағалаған болатын. Ресми өкілдің айтуынша, Ақтаудағы тергеу жұмыстары нақты бір тұлғаларды жазаға тарту үшін ұйымдастырылған науқан деп бағалаудың ешбір қисындылығы жоқ.

«Сот толығымен ашық жағдайда өтті. Онда халықаралық ұйымдар, шетел елшіліктердің өкілдері келіп, барлық процестерге еркін қатыса алатындай жағдай жасалды. Сотта тараптардың істерін жан-жақты қарауда тең құқылығы принциптері сақталды. Сот шешімі келтірілген дәлелдемелердің және істің нақты материалдары негізінде шығарылды. Сондықтан Козловқа қатысты шығарылған үкім саяси себептерге байланысты болды деп айтуға келмейді», - деді Н. Сүйіндіков.  

«Тергеу кешенді өткізілді және Жаңаөзендегі оқиғаға кінәлі жауапты тұлғалардың барлығы да өз жазаларын алды. Козловтың тек қоғамдық қайраткер болғаны үшін, оны жеке қарау және бұл іске саяси бояу беру қисынсыз», - деді ресми өкіл.

«Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласының бұрынғы екі әкімі сотталды. Ал сол кездегі әкім Сарбөпеев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот өндірісінде бұрынғы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Айтқұловқа қатысты іс жатыр. Мұнай компанияларының 3 топ-менеджері сотты болды. Тағы үшеуіне қатысты қозғалған іс сот өндірісінде. Демек, нақты бір тұлғаларды жазалауға ниеттену болған емес, оларды жазалауда қандай да бір саяси себептер де жоқ. Мәселен, топ-менеджерлерді немесе шенеуніктерді жауапкершілікке тартқанда, ешкім де бұған саяси астар берген жоқ қой?!», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар