Бас прокуратура өкілдері жол қауіпсіздігі мәселесін талқыламақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті -Елбасының кітапханасында «Қазақстандағы жол қозғалысы қауіпсіздігінің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Іс-шараны Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Отырысқа Бас прокуратураның, ішкі істер, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, көлік ұйымдарының, ғылыми ортаның және БАҚ өкілдері қатысады.
Форумда Құқық қорғау органдарының академиясы мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп әзірлеген Жол қауіпсіздігінің ұлттық тұжырымдамасы таныстырылады.
Ұлттық тұжырымдама отандық және шетелдік тәжірибе, 2011-2020 жылдардағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-әрекеттер Онжылдығын іске асырудың Жаһандық жоспары негізінде, сондай-ақ ДДҰ зерттеулерін пайдалана отырып жасалған.
Қазақстандағы жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандардың деңгейі Еуропа аумағы елдерінің арасында ең жоғары және Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Армения сияқты ТМД елдерінің сәйкес көресткішінен жоғары.
Тұжырымдамада заңнамалық, білім, тәрбие беру, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар қарастырылған. Тұжырымдаманың мақсаты: 2020 жылға қарай жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім санын 100 мың тұрғынға шаққанда 6 адамға дейін төмендету (қазіргі уақытта 100 мыңға 14,9).
Отырыс 21 қараша күні сағат 15.00-де басталады.