Бас прокуратура өкілі Украинада тұтқынға түскен 3 қазақ жігітіне қатысты түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Украинада тұтқынға түскен 3 қазақ жігітіне қатысты түсініктеме берді.

Бүгін Сенатта БАҚ өкілдері одан: «Үш қазақ баласының тұтқынға түскені туралы видео тарады, төлқұжаттары Қазақстандікі. Олар Қазақстанға экстрадициялана ма әлде Ресейдің тұтқын алмасуын күтеміз бе?» - деп сұраған еді
Бас прокуратура өкілі аталған видеоны көргендерін, олардың Украинада екенін айтты.
- Бұл мәселе толығымен зерттеледі. Видеода өздері айтқан мағлұматқа қарағанда олардың соғысқа қатысу үшін барғаны анық. Тағы қайталап айтамын, бізде 170-бап, 172-бап бар. Сол баптардың төңірегінде олардың ісі қаралады, - деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Сонымен қатар ол осы жайтқа байланысты Украина тарапымен еш байланысқа шықпағанын атап өтті.
Айта кетейік, таяуда Украина президенті Владимир Зеленский Виктор Майконы Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.