Бас прокуратура ШОБ субъектілеріне қатысты мораторий нәтижесін баяндады
Бас прокуратура моратрийдің басталуына дейін 10 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді аяқтауды қамтамасыз етті. Бақылау-қадағалау және құқық қорғау органдарына тексерулерді келісу тәртібін түсіндіре отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мәселесі бойынша нұсқау жолданды.
Мораторийдің әрекет ету кезеңінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде тексерулер тек қана Бас прокуратураның келісімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін болғандығын ескере отырып, оларды келісу үшін критерийлердің шеңбері анықталды. Мораторий кезеңінде кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді келісу мен жүргізу тәртібін түсіндіру мақсатында Бас прокуратура және аумақтық прокуратура органдары бақылаушы органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасын шақыра отырып бірқатар жиналыстар мен жұмыс тәртібіндегі кездесулер өткізді. Мораторийдің жариялаған сәтінен бастап құқықтық статистика органдарында 3866 (2013 жылдың дәл осы кезеңінде - 180 312) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексерулер тіркелді. Олардың қатарында мемлекеттің мүдделері мен халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін Бас прокуратурамен келісілген 101 тексеру де бар. Осыдан бөлек6 3536 тексеруді мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің өздерінің бастамасы бойынша олардың қызметіндегі жекелеген заңгерлік фактілерді нақтылау үшін және 232 тексеру мораторий таралмайтын қаржы ұйымдарының қызметінде жүргізілген. Мемлекет Басшысы жариялаған мораторий жылдық тексерулердің жалпы санының 176 мыңға немесе 67%-ға төмендеуіне ықпал етті. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерулердің саны 142 мыңға немесе 82%-ға (173 082-ден 30807-ге дейін), оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулер 136 мыңға немесе 86%-ға (158915-тен 22050-ге дейін) төмендеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийдің әрекет етуінен бастап мораторий шарттарының жаппай бұзылуы туралы дабылдар келіп түскен жоқ. Бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелерімен бұзушылықтың 5 фактісі тіркелген, олар бойынша прокуратура органдары прокурорлық қадағалау шараларын қабылдады. Келісілген тексерулердің саны мемлекеттік органдар бойынша келесідей: салық органдарымен - 75, санитарлық-эпидемиялық қадағалау органдарымен - 13, прокуратура органдарымен - 8, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау органдарымен - 3, кедендік бақылау органдарымен - 1, Индустрия және туризм комитетімен 1 тексеру келісілген. Бұл ретте мемлекеттік органдардың 35 өтінімі бойынша олардың Жарлық пен Бас Прокурордың Жеке кәсіпкерлерді тексеру мәселелері бойынша нұсқауының талаптарына сай келмеуіне байланысты тексерулерді келісуден Бас прокуратура бас тартты. Осыған орай кәсіпкерлердің мораторийді тиісінше қабылдауын бағалау үшін Бас прокуратура 2014 жылғы мамырда мемлекетпен қабылданатын қолдау шараларының әсерін бағалау индикаторларын жасау және ендіруге бастамашылық жасаған болатын. Мүдделі мемлекеттік органдары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратураның қатысуымен жарияланған мораторий әсерінің индикаторларының жобасын әзірледі. Қазіргі кезде мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар аталған индикаторлар бойынша тиісті талдау жүргізуде.