Бас прокуратура Талғат Арданды экстрадициялау процесіне қатысты ресми жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның құқық қорғау органдары Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды экстрадициялауға қатысты Түркия шешімін күтіп отыр.

Агенттіктің ресми сауалына орай Бас прокуратура тарабынан берілген ресми жауапта Түркия Республикасының Әділет министрлігіне күдіктіні беру туралы сұраныс жіберілгендігі айтылады.
Алайда, бүгінге дейін түрік тарапы аталған сұранысқа қатысты түпкілікті шешім қабылдамаған. Бұл Қазақстан мен Түркия арасында 1995 жылдың 15 тамызында қабылданған Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және тұлғаларды беру туралы келісімде сұраныстың қаралу нақты мерзімі бекітілмеуіне байланысты болып отыр.
— Сондықтан Талғат Арданды экстрадициялау туралы сұранысты қарау Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, — деп нақтылайды Бас прокуратурадан.
Еске салайық, 2023 жылы мамырда елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот үкімімен Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков сырттай 7 жылға сотталды.
Биыл мамырда Бас Прокуратура Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданның Түркияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланатынын хабарлады.
Таяуда туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркиядан Қазақстанға жеткізілгеннен кейін, оған қатысты қылмыстық іс қайта қаралуы мүмкін екенін мәлім етті.