Бас прокурор: Ақпарат құралдарын ашып қалсаңыз, тек криминал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың өмірі қауіпсіздік жағынан жыл сайын жақсарып келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Тәуелсіздігің 25 жылдығы мен Адам құқықтарының халықаралық күніне арналған дөңгелек үстел барысында еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Кеше ғана Мәжілісте Елбасының өзі енгізген «Рақымшылық туралы» заңның жобасы қаралды. Қоғам болған соң, әрине, пікір де көп, рақымшылық туралы. «Бізде рақымшылық жиі болып кеткен жоқ па?», «Сондай-ақ қылмыс азайды ма?», «Түрмедегілерді жаппай ерте босатсақ, ертең өзімізге ол қауіп болмай ма?» деген сұрақтар аз емес. Ақпарат құралдарын ашып қалсаңыз, тек криминал. Біреуді өлтіріпті, баланы зорлапты, біреу парамен ұсталыпты. Басқа жаңалық жоқтай. Содан соң жұрт жағдай жылдан-жылға нашарлап бара жатыр екен ғой деп ойлайды. Бірақ, 25 жылдың қылмыс динамикасына үңіліп қарайықшы. Егемендік алғанда қандай ауыр жағдайға тап болғанымызды білесіздер. Қылмыста күрт өсіп кетті. Рэкет, тапсырыспен адам өлтіру пайда болды. Оған сталиндік репрессиядан қалған көптеген колониядарда бүкіл одақтан 100 мың адам отырды. Босағаннан кейін көбісі осында қалды. Бұл да қылмыстық ахуалға теріс әсер етті», - деді Бас прокурор.

Оның атап өтуінше, сол жылдары Елбасы құқық қорғау қызметін қолға алды. Сол кезден жағдай жақсара бастады. 20 жыл бойы қылмыстық ахуал жақсару үстінде. Кісі өлтіру 3,5 есе, денеге ауыр зиян келтіру 3 есе, қарақшылық 5 есе азайды.

«Қоғам қауіпсіздігі осы қылмыстармен бағаланады. Қазіргі жағдай тек 90-шы жылдары ғана емес, Кеңестің дамыған социализм дәуірі кезеңімен салыстырсақ, әлдеқайда жақсы. 80-85-ші жылдары бізде жыл сайын 1500 кісі өлтіру болған. Қазір 2 есе аз. Денеге ауыр зиян келтіру де жартылай кеміді. 25 жылда түрмедегілер 105 мыңнан 35 мыңға дейін азайды, 3 есе. 2 жылда 8 колония жаптық. Әлемдік түрме рейтингінде позициямыз 3-ші орыннан 62-ге дейін жақсарды. Қазіргі статистика да баяғыдай жалған емес. Бұрын қылмысты жасырған сөгіспен құтылатын. Енді заң қатайып, 53 қызметкер тек осы үшін сотталды. Бейбітсүйгіштіктің жаһандық рейтингінде Қазақстан 2016 жылы 163 елдің ішінде 75-ші орын алды. Бұл ТМД-дағы ең үздік көрсеткіш. Бірақ осыған сенбейтіндер көп. Себебі бәрі ашық. Әрбір қылмысты интернет арқылы бүкіл ел біледі. Бұрын бәрі жабық болып, пресса тек жағымды ақпарат беретін. Ол кезде жұрт тіпті көрші ауылда не болып жатқанын білмейтін. Бір сөзбен айтсақ, қазақстандықтардың өмірі қауіпсіздік жағынан жыл сайын жақсарып келеді. Дегенмен шешілмеген проблемалар әлі көп», - деді Жақып Асанов.

Соңғы жаңалықтар