Бас прокурор Қайрат Мәмидің қатысуымен Қызылорда облыстық прокуратурасында кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, онда 2010 жылғы жұмыс қорытындылары талқыланып, қадағалау қызметінің негізгі бағыттары белгіленген. Мәжілісте өткен жылы облыс прокуратурасының негізгі күші азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүддесін қорғауға бағытталғаны аталып өтілді. Прокурорлық ықпал ету шараларымен 18 мыңнан астам адамның конституциялық құқықтары мен заңды мүдделері қорғалып, 2 миллиард теңгеден астам сомаға келтірілген зиян өтелді. 32 кәсіпорын жұмыскерлері алдында шамамен 543 миллион теңге сомасында жалақы бойынша берешек өндірілді. Жалақыны уақытымен есептемегендері және еңбек заңнамасын басқа да бұзғандары үшін 98 адам түрлі жауапкершілікке тартылды.
Облыста қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі - кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып отыр. Осыған қарай арнайы тексерулер барысында бизнес саласында 170-тен астам бұзушылық анықталып, 27 заңсыз актінің күші жойылған. Сондай-ақ 51 лауазымды адам тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның талаптарының сақталуына қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде 1мың 640 заң бұзу әрекеті анықталған. Сондай-ақ 266 актінің күші жойылып, 188 лауазым иесі тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылған.