Бас прокурор ШҚО-дағы орта мектептердің біріндегі ерекше бастама туралы айтты

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қаңтарында Шығыс Қазақстан облысының Глубоков ауданына қарасты ірі орта мектептердің бірінде ерекше бастама қолға алынды, деп хабарлады Бас прокурор Берік Асылов Х желісінде.

берік асылов
Фото: Kazinform

Асыловтың сөзінше, аудандық прокуратура білім бөлімі мен мектеп әкімшілігінің белсенді қолдауымен өмірлік қиындыққа тап болған жасөспірімдерді өз қамқорлығына алды. Осылайша «Күш — бірлікте» деп аталатын көшбасшылар клубы дүниеге келді.

— Ең бастысы — 7–8-сыныптың 23 оқушысына жаңа тыныс ашылды. Күдіктеніп қарағаннан гөрі, сенім артты. Түзетуге тырысқаннан гөрі, қолдау көрсетті. Оларды спортқа, шығармашылыққа, бірлескен істерге жұмылдырды. Нәтижесінде үш айдың ішінде тәртіп бұзушылықтың орнына — жетістіктер, немқұрайдылықтың орнына — белсенділік, тұйықтықтың орнына — сахнада жарқыраған өнер келді, — деп атап өтті ол.

Бас прокурор тағы бір айрықша жайт — прокурордың қатысуы ресми жиындармен шектеліп қалмауы екенін айтты.

— Ол негізгі жұмысынан қолы босаса болды, мектепке барып, балалармен әңгімелесті, теннис және басқа спорт түрлерін бірге ойнады, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Балғын жүректерге дәл осындай қарапайым да шынайы сәттердің әсері мол болды. Олар расымен сенімге ие екенін, жандарында көмек қолын созуға даяр ересектер бар екенін ұғынды, — деп жазды Берік Асылов.

Ведомство басшысы бұл бастаманың сәтті жүзеге асуына мектеп директоры мен мұғалімдердің қосқан үлесі өлшеусіз екенін алға тартты.

— Балалар үшін қолайлы орта жасалып, өзін қажетті, естіген, қабылданған күйде сезінуіне бар жағдай жасалды. Оқушылар өз күштерімен «Наурыз — Мейірім мен бірліктің мерекесі» атты мектептік шараны ұйымдастырып, әр жасөспірімге қажетті инвестиция. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне сүйенсек: «Жастар — жарқын болашаққа деген барлық үмітіміздің бейнесі». Міне, осындай жаңаша бастамалар арта түссе екен дейміз. Өйткені қуатты мемлекет — ең алдымен сенімге ие, сыйлы және даусы естілген жас буыннан бастау алады, — деп түйіндеді Асылов.

Осыған дейін бас прокурор Берік Асылов елімізде жол апаты көбейгенін айтты.

Соңғы жаңалықтар