Бас Прокурор: Теріс идеологиямен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теріс идеологиямен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз. Ақтөбе облысының жұртшылығымен болған кездесуде ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай деді.

Бас Прокурор: Теріс идеологиямен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз

«Қазір бұрын болмаған жаңа қауіп - экстремизм мен терроризм пайда болды. Ол бүкіл әлемді жаулап отыр. Планетамыздың қай жерін алсаң да жарылыстар болып жатыр - Түркия, Франция, Бельгия, Ресей, АҚШ, Сирия, Ирак. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Қылмыскерлер ислам дінін жамылып, қарапайым халықтың қанын төгіп жатыр. 2014-ші жылы террористер 32 мың адамды өлтіріпті. Бұл қауіп бізге де келді. Осындағы жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Қаншама қан төгілді. Қаншама  жазықсыз адам қаза болды. Қаншама отбасы туыстарынан айырылып, қара жамылды»,-  деді Бас прокурор.

Ж.Асанов бұрын сырттан келген террористерден қорықсақ, қазір олар арамыздан шығып жатқандығын, бұл елдің берекесін алып, мазасын қашыратындығын атап өтті.

«Не жұмысын, не бизнесін жасай алмай, қауіп қашан басылады деп жұрт үйінде тығылып отырады. Террористерге де керегі сол -  халықты қорқыту, үркіту, үрей туғызу. Мұндай теріс идеологиямен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз. Сондықтан балалардың келешегі, елдің болашағы үшін теріс жолға түспе, жаман әдеттен аулақ бол деп, ел болудың қамын жасайық, ағайын», - деді ол.

Осы ретте ол адасқан бауырларымызды қайта өзімізге тартып, дұрыс бағыт беру керектін ескертіп өтті.

«Қателеспейтін адам болмайды. Жас адам максимализмге ұрыншақ. Біздің міндетіміз - олардың бетін қайтару, дұрыс жолға түсіру, пиғылын өзгерту. Бұдан артық басқа жол жоқ», - деп қорытты өз сөзін Жақып Асанов.