Бас прокурордың орынбасары Талғардағы оқиғаның тергелуіне түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы қанды оқиға бойынша істің тергелуіне қатысты түсінік берді.
«Талғардағы кісі өлтіру оқиғасына қатысты тергеу амалдары тұрақты бақылауда тұрғанын атап өткен жөн. Күдікті адамдар ұсталды және айып тағылды. 15 қазан күні Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың қатысуымен брифинг өтіп, сол кезде істің мән-жайына қатысты түсінік берілді. Қайтыс болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын нақты айта аламын», - деді Ғ. Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қара жамылған отбасының үйін өртеу дерегіне қатысты іс тергеліп жатыр. Бұл тұрғыда тиісті сарапталар жасалып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен 16 жасар жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
18 қазан күні Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен кетті.