Бас редакторлар клубының жаңа құрамы сайланды

АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Астана қаласының «Қазмедиа орталығы» ғимаратында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің кезекті есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті.
None
None

Онда 2012 жылғы 20 сәуір мен 2013 жылғы 19 сәуір аралығында Клуб тарапынан атқарылған жұмыстар туралы қоғамдық бірлестік президенті Кенжеболат Жолдыбайдың есебі тыңдалып, басқарманың жаңа құрамы сайланды.

Бұл туралы Бас редакторлар клубының баспасөз қызметі хабарлады.

2007 жылдың қоңыр күзінен жұмысын бастаған «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі бүгінде аузы дуалы, сөзі уәлі, 222 аймақтық және республикалық БАҚ басшыларын біріктірген, еліміздің 7 өңірінде аймақтық бөлімшесі бар іргелі ұйымға айналып, қоғамда шығармашылық ахуалды нығайтуға, масс-медиа арасында тиімді қарым-қатынас пен өзара құрметтеу ауанын орнықтыруға, ақпараттық нарықты өрбітуге, ұлтаралық келісім мен қалыптылықты сақтауға күш салып келеді.

Бұл ұйымға соңғы бір жылда жетекшілік еткен Клубтың жаңа басқарма құрамы қалыптасқан үрдісті одан әрі дамыта отырып, нақты іс-шараларды атқарды. Осы ретте, Клуб билік пен БАҚ арасында тығыз ынтымақтастық орнатуды, әсіресе қызметтері әлеуметтің көңіл-күйіне тікелей әсер ететін басшылармен үнемі байланыста болуды тұрақты назарда ұстағанын айтқан жөн. Мәселен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, соның шеңберінде бұрынғы министр Гүлшара Әбдіхалықовамен Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын талқылау мақсатында on-line конференция өткізілді, аймақтарда «Жұмыспен қамту - 2020» бағыты бойынша пресс-турлар болды. Мұның сыртында, ҚР Көлік және коммуникация министрімен, Туризм комитетінің төрағасымен және Дін істері агенттігі төрағасымен Интернет-конференция ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Клуб мүшелері ҚР Көлік және коммуникация министрімен, Сыртқы істер министрімен, Дін істері агенттігі төрағасымен, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасы Бауыржан Байбекпен, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ басшылығымен кездесіп пікір алысты.

Клуб журналистерге және журналистикаға қатысты өзекті мәселелерді шешуге атсалысты, сөз бостандығына, адам құқығына байланысты барлық іс-шараларға белсенді түрде араласты. Айталық, азаматтардың ақпарат алу конституциялық құқықтарын толықтай қамтамасыз ету мақсатында қазір Парламентте жатқан «Көпшілік ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның тезірек қабылдануы, Жала мен намысын қорлау құрамын заңнамалық деңгейде криминалсыздандыру, оларды азаматтық-құқықтық жауапкершілік санатына көшіру, Абыройы мен қадір-қасиетін қорғау төңірегінде талап етілетін моральдық зиянды өтеу өтемақылардың жоғары шектерін белгілеп, БАҚ-тағы диффамация үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастау, журналистердің әлеуметтік статусын анықтау қажеттілігіне биліктің назарын тұрақты аударып келеді. Сонымен бірге, Бас редакторлар клубы ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Адами өлшемдер жөніндегі Жұмыс Тобының мүшесі болып табылады.

Журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру жолында да Клуб біршама істерді қолға алды. Осы ретте, «Қазақстандық журналдар: өзекті мәселелері және шешу жолдары» атты республикалық дөңгелек үстел, республикалық және аймақтық БАҚ-тардың фестиваль-көрмесін өткізді. Сонымен қатар, Клуб тарапынан Павлодарда өткен «Журналистиканың өзекті мәселелері және болашағы» халықаралық медиа-форумға, Алматыда «Қазақ» газетінің 100 жылдығына байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде өткен ғылыми-практикалық конференцияға қолдау көрсетілді, журналистерге АҚШ Кент университетінің оқытушысы Карл Идсвогтің «Қазіргі медиа - дәстүрлі БАҚ» тақырыбында шеберлік сыныбы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы реформаның мән-мазмұнына қатысты оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырылды, Клубтың бес жылдығын атап өту шеңберінде «Асыл сөз құдіреті» байқауы өткізілді, «БАҚ тұсаукесері» атты ақпараттық жоба іске қосылды.

Ең бастысы, тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі қабылданды. Клуб бұл игілікті іске белсене араласып қана қоймай, оны қолдау мақсатында ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі ресми өкілі Дунья Миятовичпен келіссөздер жүргізіп, Қазақ агротехникалық университеті студенттерінің күшімен флэш-моб ұйымдастырды, ал өзі бас офисі АҚШ-та орналасқан Медиалық этика халықаралық орталығына әріптес ретінде қабылданды.

Бас редакторлар клубының есеп беру-сайлау конференциясында оның президенті Кенжеболат Жолдыбайдың өкілеттілігі келер жылға дейін ұзартылып, вице-президенттері болып белгілі журналистер, республикалық БАҚ басшылары Ш.Сыздықова, М.Тоқтағазин, Б.Жексенбай, В.Салахов, Қ.Жанаханов, тексеру комиссиясының төрағасы болып Т.Чернега бірауыздан сайланды.

Конференция жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Б.Қалианбеков қатысып, сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум