Бәсекелестік бағаны арзандатады
Таңдау болған жерде жоғары бәсекелестік туындап, ол импортталатын және жергілікті жерде өндірілетін өнімдер бағасын нарықтық тежеуге алып келеді. Еуразиялық экономикалық одақ және ДСҰ-на кіретін елдерде шығарылған әлемдік стандарттарға сай келетін өнімдер сапасына жоғары талаптың қойылуының өзін тұтынушылар үшін негізгі артықшылық деп санау керек.
Мысалы, қатардағы қазақстандықтар өз еліміздің аумағында шығарылмайтын ресейлік және беларустық тауарларды арзан бағамен сатып алады. Керісінше, Беларусь пен Ресейде жоқ біздің тауарларға да аталған екі мемлекетте сұраныс артады. Бұл ең алдымен, біз қазіргі кезде шетелдерден әкелетін халық тұтынатын тауарлар. Бәсекелестік күресте біздің тауарларымыздың бағасы төммендейтіні белгілі. Бірақ, бұдан отандық кәсіпкерлер ұтылмайды, керісінше, өз тауарын бәсекеге қабілетті әрі сапалы, әрі арзан етіп шығаруға ұмтылады. Бұл ұмтылыс Қазақстан ДСҰ-ға кіргенде көптеген жеңілдіктер беретіні белгілі.
Қазіргі кезде көптеген қазақстандық тауарлар Ресейге, Беларуське және басқа да елдерге экспортталып жатыр. Оның ішінде, ет, шәй, макарон, шоколад, сүт, сұйық май, тұз, балық, сыра және т.б. көптеген өнімдер бар. Яғни, 170 млн адамды қамтитын алып нарыққа өнім шығару - кез-келген кәсіпкердің арманы. Мұндай арманға қол жеткізгендер де жоқ емес. Қазақстанның кондитерлік компаниялары Кеден одағындағы әріптестерімізге экспорттайтын өнімдерінің көлемін үш есеге дейін өсірді. Мысалға, еліміздегі ең ірі кондитерлік кәсіпорындарға - Алматыдағы «Рахат» фабрикасы, Қостанайдағы «Баян сұлу», Қарағандыдағы «Қарағанды кәмпиттері» жататыны белгілі. Яғни, Қарағанды мен Қостанайдың кәмпиттерін ресейліктер мен беларусьтар тұтынса, Ресей мен Украинаның кәмпиттерін қазақстандықтар тұтынады. Айтпақшы, соңғы жылдары бізге Беларусьтан сапалы тұз көптеп әкелінуде. Бұл өзіміздің тұзымыз сапасыз дегенді білдірмейді. Бастысы, беларусь тұзының бағасы арзан, өзі ұсақ, дәмі жақсы. Бәсекелестік бағаны арзандатады деген осы.
Бәсекеге қабілетті қазақстандық компаниялар әлемдік деңгейде мойындала бастады. Оған мысал, Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы «Lotte Confectioneri» атты компаниясы «Рахат» АҚ-ның акцияларының 76 пайызын сатып алды. Сонымен бірге, «Рахат» фабрикасының бәсекелі өнімдері алты жылдан бері Қытай Халық Республикасының нарығына шығарылуда. Алты жылда қазақстандық шоколадтарды сататын дүкендер Қытайдың Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Үрімші, Куньминь сияқты қалаларында ашылған. «Рахат» компаниясы жыл сайын Қытайда өтетін сауда және мамандандырылған жәрмеңкелерге белсене қатысады. Ондай жәрмеңкелерде қазақстандық тәттілерді жарнамалайтын бейнероликтер көрсетіледі екен.
Кондитерлік өнімдерді Ресейге, Украинаға экспорттайтын өңірлердің бірі - Батыс Қазақстан облысы. Алайда, 10 мың бас ірі қара малды бордақылайтын алаңы бар облыста мал басын көбейту жақсы қолға қойылған. Мал бордақылайтын компаниялардың бірі жаңадан мұздатылған етті Ресейге экспорттайды. «Қазіргі кезде қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ірі қара мал өсіріп, оның етін жоғары қосылған құнмен сатуға құлшыныс танытқандардың қатары көбеюде,- деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.- Мал бордақылайтын компаниялардың бірі өз өнімдерін Ресейге сатады. Бізге сол өнімдерді сататын арнайы павильондар керек. Бұл мәселені облыс әкімі және көршілес Ресейдің өңірлерінің губернаторларымен келісіп шешпекпіз. Олар павильондар салуға жер бөледі».