Бәсекелестікті қорғау агенттігі Antitrust ақпараттық порталын әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Antitrust ақпараттық порталын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі БҚДА жұмысы мен ішкі бизнес-порцестерін толықтай цифрландыруды, сонымен қатар автоматтандыруды қамтамасыз ететін бірыңғай ақпараттық кеңістік - Antitrust ақпараттық порталын әзірлеп жатыр. Аталған порталды іске қосу бекітілген процедуралардың сақталуын автоматты режимде қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл техникалық қателіктер мүмкіндігін төмендетуге және бақылау тиімділігін арттыруға септігін тигізеді, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министрдың атап өтуінше, сараптама қорытындысына сәйкес, 2022-2024 жылдары аралығында тергеулер жүргізу сапасымен және процедуралық бұзушылықтардың болуымен байланысты бірқатар заң бұзушылық анқыталған.
Осыған орай монополияға қарсы органның 21 лауазымды тұлғасы, оның ішінде БҚДА аумақтық бөлімшесінің басшылары тәртіптік жазаға тартылған.
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «КДВ Қазақстан» ЖШС-ге қатысты үстемдігін асыра пайдалану белгілері бойынша тергеу бастағанын жазған едік.